Бас Прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Мәжіліс кулуарында Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бишімбаевқа қатысты аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру бабы бойынша іс қозғалды. Бұдан бөлек бұл қылмыс түрін жасырғаны және полиция органдарына ақпарат бермегені үшін оның туысы ұсталып, изоляторға қамалды", - деді Бас Прокурордың орынбасары.
Тілшілер спикерден ұсталған туысқан күдіктіге нақты кім болып келетінін сұрады.
"Оның туысқандығын нақты айта алмаймын. Ағасы ма, інісі ме ол бойынша ақпарат бере алмаймын. Сол күні болған. Ауыр қылмыстың жасалғаны туралы полиция органдарына хабарламаған. Бұл – Қылмыстық Кодексте жеке бап. Тіпті ол қылмысты жасыруға тырысқан", - деп атап өтті ол.
Жандос Өмірәлиев қылмыстық іс бойынша барлық тиісті сараптамалар тағайындалғанын жеткізді.
"Марқұмның өліміне алып келген тікелей Бишімбаевтың іс-әрекеті екені сөзсіз. Қылмыстық істің нәтижесі бойынша сараптамалар дайын болғаннан кейін тергеу органы қосымша ақпарат беретін болады", - деді ол.
Бас Прокурордың орынбасары қылмысты жасыруға тырысқан күдіктінің туысына қандай жауапкершілік қарастырылатынын да айтты.
"Қылмыстық жауапкершілік көзделген. Аса қатыгездікпен жасалған қылмыс болғандықтан, бас бостандығынан айыру санкциясы бар", - деп толықтырды Жандос Өмірәлиев.
Айта кету керек, бұрынғы министр Қуандық Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінген болатын.