"Бишімбаевтың әкесі қолымнан 2 рет ұрып жіберді": Назым Қаһарман желіде мәлімдеме жасады

1178

Бишімбаевтың ата-анасы мен бұрынғы әйелі арасында мүлікке қатысты жанжал болған.  

"Бишімбаевтың әкесі қолымнан 2 рет ұрып жіберді": Назым Қаһарман желіде мәлімдеме жасады Фото: nazymkakharman

Дүйсенбі күні өткен сот отырысында экс-министр Қуандық Бишімбаев өзінің

бұрынғы әйелі Назым Қаһарман Бақытжан Байжановтың көмегімен көлігін ұрлап кетті деп мәлімдеді. Осы жайтқа қатысты Назым Қаһарман өз нұсқасын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Менің атыма тағы да күйе жағылды. Әрине, мен үнсіз қалмаймын. Барлығы қалай болғанын айтып беремін. 10-11 қарашада ұлым, анам, әпкем, құрбыммен бірге Қуандық Бишімбаевтың ата-анасына келінінің қазасына байланысты көңіл айтуға бардық. Не болғанынан толық тоқталмай-ақ қояйын. Шын мәнінде біз ол жерден есеңгіреп шықтық. Себебі қазір күдікті (ред. – Қуандық Бишімбаев) айтқан нұсқаны оның ата-анасы да айтып отырған болатын. Сол күні мен балаларым үшін көлік сұрадым. Себебі олардың сыныптастарының, автобустағы адамдардың, такси жүргізушілерінің тарапынан қандай реакция болатынын білмедім. Менің өз көлігім бар, бірақ үш баланың бәрін бір уақытта тасып жүру мүмкіндігі болмады. Мен балаларымды жалғыз қалдырғым келмеді. Өйткені желіде хейт, негативті комментарийлер пайда болды. Сол себептен машина сұраттым", - деді Назым Қаһарман Instagram желісіндегі парақшасында.

Сөзінше, Бишімбаевтың анасы барлық көлік бос емес екенін, машиналар уақытша ұстау изоляторында отырған ұлына сәлемдеме беруге, адвокаттарды тасуға жұмылдырылғанын айтты.

"Олар маған көлік беруден бас тартты. Келесі күні 11 қарашада арамызда жанжал болды. Сол күні оларды соңғы рет көрдім. Мәселе мүлікке қатысты болатын. Қуандықпен ажырасқан кезде мүлік бөліске салынбады. Балалардың оқуын төлеп, оларға қамқорлық көрсеткен әкесі болғандықтан, мен де қарсылық білдірмедім. Бірақ адам адамды өлтірді, мен үшін бұл жағдай Қуандықтың өзінің өлімімен бірдей еді. Себебі оны толыққанды ата-ана ретінде есептемейтін болдым. Сол себептен қаржы мәселе де көтерілді. Қуандықтың әкесі мені дүниеқоңызсың деп айыптады. Ана ретінде мені балаларымның болашағы алаңдатпай қоймайды. Қуандықтың әкесі қолымнан 2 рет ұрып жіберді, мұны қызым да көрді. Бұл кездесу осылай аяқталды. Осы жайттан кейін біз көріскен жоқпыз", - деп жалғастырды ол.

Назым Қаһарман сол уақытта Астанада тұрған Бақытжан Байжанов қана көмек қолын созғанын жеткізді.

"Ол балаларға қолдау көрсетуге келген жалғыз туыс болды. Бүкіл Астанадан тек өзі келді. Біз оны бұрыннан бері танимыз. Балаларым оны қатты жақсы көреді. Сол кезде ол оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Мұның сот отырысында айтылған нұсқадан айырмашылығы жоқ. Оған Қуандықтың ата-анасы туған немерелеріне көлік бермегенін айтып бердім. Сонда Бақытжан Алматыда өз атында көлігі бар екенін жеткізді. Бірнеше күннен кейін ұлым Қуандықтың Алматыдағы үй қызметшісіне хабарласып, ол бізге көліктің кілтін берді. Осылайша біз көлікті алдық. Бақытжан қамауға алынғандықтан, сенімхат жасатып үлгермедік. Көлік ұрланды деген оқиға осы. Бүгін Қуандық болған жайтты басқаша жеткізді", - деп қорытындылады экс-министрдің бұрынғы әйелі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу