Қырғызстанда депутаттар елорда тұрғындарына қала мэрін сайлау немесе қызметінен кетіру құқығын беруді ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz Kaktus.media сайтына сілтеме жасап.
Жоба бастамашылары тікелей сайлау институтын енгізу тұрғындарға қаланы басқаруға тікелей қатысуға мүмкіндік береді деп санайды. Депутаттар Бішкектің тәжірибесін кейін басқа қалаларда қолдануға ниетті.
Жаңа заң жобасына сәйкес, жоғары білімі, мемлекеттік немесе муниципалдық лауазымдарда кемінде 10 жыл жұмыс өтілі бар, 35-65 жас аралығындағы Қырғызстанның азаматы әкім лауазымына өз кандидатурасын ұсына алады.
Әзірге Бішкек қаласының мэрі Эмильбек Әбдіқадыров. Қала басшысының өкілеттік мерзімі төрт жылды құрайды.