Бішкекте ереуілшілер президент импичментін талап етіп жатыр

662

Орталыққа 400 ереуілші шыққан. 

Бішкекте ереуілшілер президент импичментін талап етіп жатыр

Қырғызстан астанасының орталық алаңына жиналған наразы топ президент Сооронбай Жээнбековтың биліктен кетуін талап етіп, митингке шықты. 

"Ала-Тоо" деп аталатын алаңға шамамен 400 адам шыққан. Бұған дейін олардың бірқатары үкімет ғимаратының қасында митинг ұйымдастырған болатын. Олар президентті "өз халқына сатқындық жасады" деп айыптап, кәрі саясаткерлердің биліктен кетуін қалайтындарын жеткізді. Олар жаңа премьер Садыр Жапаровты да қолдамай отыр.

Еске сала кетсек, 5 қазанда осы алаңда парламентке өтпей қалған партиялардың 2 мыңға жуық жақтасы бас көтерген еді. Олар парламенттік сайлаудың қорытындысын мойындамай, қайтадан өткізуді талап етті. Кешке қарай құқық қорғаушылар оларды таратпақшы болған еді, бірақ оның арты қақтығысқа ұласып кетті. Содан кейін, яғни, түнде ереуілшілер парламент пен Қырғызстан президентінің әкімшілігі орналасқан Ақ үйге баса-көктеп кіріп, артынан Ұлттық қауіпсіздіктің Мемлекеттік комитеті ғимаратына барып, бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевты тергеу изоляторынан босатты. Сонымен қатар бас көтергендер жоғары лауазымды экс-шенеуніктерді: Жанторо Сатыбалдиев, Сапар Исақов, Садыр Жапаров, Равшан Джеенбековты да бостандыққа шығарды.

Елдің денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметінше, қақтығыс кезінде жарақат алғандардың саны 700-ге жеткен. Оның 200-і – қарулы күштер қызметкерлері. 1 адам қаза тапты.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу