Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында Алматы–Бішкек экономикалық дәлізін (АБЭД) дамыту аясында Туризм жөніндегі бірлескен жұмыс тобының кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шараға Қазақстан мен Қырғызстанның мемлекеттік органдарының өкілдері, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қатысты.
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі атынан жиынға Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Байжанов қатысты.
Отырыс барысында тараптар екі ел арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ тұрақты және "жасыл" туризм қағидаттарына негізделген Алматы–Бішкек экономикалық дәлізінің туризмді дамыту жөніндегі жаңартылған бас жоспары таныстырылды.
Жиында Қырғыз Республикасының Туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік агенттігі мен Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті арасындағы 2030 жылға дейінгі ынтымақтастық жөніндегі іс-қимыл жоспарын іске асыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Құжат туризм саласын дамытуға, туристік қызметтердің сапасын арттыруға және өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған басым бағыттарды айқындайды.
Күн тәртібінде орналастыру орындарын бірыңғай санаттау жүйесін енгізу, санаттау үдерістерін цифрландыру және тиісті ақпараттық жүйелердің жұмысын жетілдіру мәселелері де қаралды. Сонымен қатар қатысушылар туризм саласындағы бірыңғай кәсіптік стандарттарды енгізу және оларды Алматы–Бішкек экономикалық дәлізі шеңберінде іске асырудың алдағы кезеңдерін талқылады.
Іс-шара аясында Алматы–Бішкек экономикалық дәлізі өңірінің орналастыру орындарын бірыңғай санаттау жүйесі жөніндегі Консультативтік кеңестің алғашқы отырысы өтті. Онда ұйымдастыру мәселелері қаралып, алдағы бірлескен жұмыстың жоспары бекітілді.
Отырыс қорытындысы бойынша тараптар Туризм жөніндегі бірлескен жұмыс тобының және Консультативтік кеңестің алғашқы отырыстарының хаттамаларына қол қойды.
Қабылданған шешімдер Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы туристік ынтымақтастықты нығайтуға, туристік қызметтердің сапасын арттыруға және Алматы–Бішкек экономикалық дәлізі аясында бәсекеге қабілетті туристік кеңістікті қалыптастыруға ықпал етпек.