Бішкекте ШЫҰ Саммитіне дайындықтың негізгі мәселелері талқыланды

366

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Бішкекте ШЫҰ Саммитіне дайындықтың негізгі мәселелері талқыланды Фото: СІМ

2026 жылғы 27-30 тамыз аралығында Бішкек қаласында Қырғыз Республикасының төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілері кеңесінің отырысы өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ұлттық үйлестірушілер 2026 жылғы 1 қыркүйекте Бішкек қаласында өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің алдағы отырысының қорытынды құжаттарының жобаларын қарастырды, сондай-ақ көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Ұйым қызметін жетілдірудің өзекті аспектілеріне және оның шарттық-құқықтық базасын нығайтуға ерекше назар аударылды.

"Бішкек қаласында өтетін Мемлекет басшыларының алдағы Саммиті ШЫҰ-ны одан әрі дамыту тұрғысынан айрықша маңызға ие. Ұйымның 25 жылдығы атап өтілетін биылғы жылы өткен кезеңді қорытындылап қана қоймай, алдағы өзара іс-қимылдың нақты бағдарларын айқындау маңызды. Қазақстан ШЫҰ-ның тиімді әрі теңгерімді көпжақты құрылым ретіндегі рөлін нығайтуға айрықша мән береді", – деді Қазақстан Республикасының ШЫҰ істері жөніндегі ұлттық үйлестірушісі Мұрат Мұқышев.

ШЫҰ Саммитінің қорытындысы бойынша Ұйым қызметінің тиімділігін одан әрі арттыруға және мүше мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған ауқымды құжаттар топтамасын қабылдау жоспарлануда. Олардың қатарында ШЫҰ-ның 25 жылдығына орайластырылған Бішкек декларациясы бар.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілері кеңесі Ұйымның ағымдағы қызметін үйлестіруді жүзеге асырады, сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің тиісті министрліктері мен ведомстволары арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу