Бітімгершілік миссияға қатысатын әр сарбазға ай сайын қанша жалақы төленеді?

559

БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясына баратын сарбаздар 1 жыл мерзімге жіберіледі. 

Бітімгершілік миссияға қатысатын әр сарбазға ай сайын қанша жалақы төленеді? Фото: inbusiness.kz

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов қазақстандық әскерилерді бітімгершілік миссияға жіберу мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Министрдің сөзінше, БҰҰ миссиясына баратын бітімгерлер моральдық және іскерлік қасиеттеріне қарай таңдалған. Атап айтқанда, оған денсаулық жағдайы, әскери тәртіп, әскери қызметші ретіндегі жеке дайындығы, тіл игеруі, заңнамалық білімінің болуы жатады.

"Біздің рота құрамында бітімгершілік, барлаушы, инженерлік-саперлық, техникалық және медициналық құрылымдар бар. Олар наурыздың басында аттанады. Біз Голан биіктіктеріне барамыз. Бұл – бастапқы міндетіміз. Егер бір жыл ішінде біздің миссия БҰҰ-ында жоғары баға алатын болса, сәйкесінше алдымызға басқа міндеттер де қойылады. Тиісінше, біздің контингент ұлғаятын болады", - деп жауап берді министр Мәжіліс кулуарында.

Тілшілер "Біздің әскерилер бітімгершілік миссияны орындау барысында оқыс жағдайға тап болуы мүмкін бе деген қауіп бар ма?" деп сұрады.

"Жалпы, әскери қызметте үлкен қиындықтар кездесетіні өздеріңізге мәлім. Біз бейбіт күнде де әрдайым қауіп-қатерде боламыз. Ешкім миссияны орындау барысында оқыс жағдай болмайтынына кепілдік бере алмайды", - деп нақтылады Руслан Жақсылықов.

Бітімгершілік миссияға қатысатын қазақстандық сарбаздардың әрқайсысына ай сайын 1000-1500 доллардан беріледі. Жалақыны БҰҰ төлеп отырады.

Мәжіліс депутаты Айгүл Құспанның сөзінше, бұдан басқа, Қазақстанда олардың шоттарына ай сайын 3 лауазымдық еңбекақы мөлшерінде жалақы түспек.

Министр қарулану, қару-жарақтар және техниканың тасымалына бюджет есебінен 8 млн доллар бөлінетінін баса айтты.

"Біз әскери қақтығысқа қатыспаймыз. Біз бітімгершілік қызметті атқаратын боламыз. Бұл еліміз үшін құрметті миссия екенін атап өту керек", - деді Руслан Жақсылықов.

Айта кету керек, осыған дейін 430 қазақстандық әскери қызметшінің БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясына жіберілетінін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу