13 сәуірде биткоин бағасы рекордтық деңгейге жетті. Оның қазіргі құны – 62,7 мың доллар, деп хабарлайды Inbusiness.kz порталы CoinDesk сайтына сілтеме жасап. Сауда-саттық барысында криптовалюта 3,1%-ға қымбаттаған.
Бұған дейін бірнеше апта бойы ең танымал криптовалюта саналатын биткоин бағасы 51-61 мың доллар аралығында болған еді. Bestchange.ru сарапшысы Никита Зуборевтің айтуынша, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 70–75 мың долларға дейін жетуі мүмкін. Ол үшін валютаның бағасы қазіргі деңгейде қалуы тиіс.
Наурыз айының соңында биткоин құны жыл соңына дейін 400 мың долларға дейін қымбаттайды деп болжанған еді. Bloomberg сарапшысы Майк Макглоун нарықтың қазіргі жағдайын 2013 және 2017 жылдардағы жағдаймен салыстыра келе, ең танымал криптовалюта бағасы дәл сол кезеңдегідей шарықтайтынын айтып отыр.
Наурыздың басында Kraken криптобиржасының бас директоры Джесси Пауэлл келесі он жылдықта биткоин бағамы миллион долларға дейін өсуі мүмкін деп мәлімдеді. Оның пікірінше, ақыр соңында биткоин әлемдік валютаға айналады.
Табиғат Нұрболат
Фото: unsplash.com