Биыл "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ Павлодар облысындағы ауыл шаруашылығы қожалықтарын көктемгі егіс науқанына қарсы қаржыландыру үшін 60 млрд. теңге бағыттап отыр, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-ның басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Сейсенбаев облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында өткен жиын барысында мәлім етті.
"ҚазАгро" холдингі мен "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-ның процедураларына биыл бірқатар өзгеріс енгізілді. Алайда аталған қаржы институттары көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарына орай шаруаларды қаржыландыруға дайын. Яғни, аграрлық салада жұмыс істеп жатқан шаруашылықтарға несие және субсидия беру бұрыңғы жылдардардан да жеңілдеп, көлемін ұлғайтып отыр. Несие пайызы да айтарлықтай төмендеді. Мәселен, былтыр қаржылай несие 5 пайызбен берілген болса, биыл пайыздық өсімін 3 пайызға азайтып отырмыз. Жоғарыда айтылған 60 млрд. теңгенің 40 милларды банк арқылы берілсе, 15 миллиарды несие алушыларға тікелей үлестіріледі. Сонымен қатар, 5 млрд теңге біздің несиелік серіктестіктер арқылы ұсынылады, – дейді Нұржан Сейсенбаев.
Айта кетерлігі, біздің өңірге бағытталған қаражаттың 20 пайызы күнбағысқа, 5 пайызы арпаға және 75 пайызы ауыл шаруашылығы дақылдарының басқа түрлеріне арналған.