Биыл 1,5 мыңға жуық ақтөбелік отбасы баспаналы болады

745

Биыл 1,5 мыңға жуық ақтөбелік отбасы баспаналы болады

Биылғы жылы 1,5 мыңға жуық ақтөбелік отбасы "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша жеке баспанаға қол жеткізеді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев "Нұр Ақтөбе" тұрғын үй алабында көшпелі жиналыс өткізіп, "Нұрлы жер" бағдарламасының пилоттық жобасы аясында тез салынатын аз қабатты несиелі баспананың құрылысы бойынша жұмыс барысымен танысты.

Ол еліміздің өзге өңірлері арасында бірінші Ақтөбе облысы осы жобаны жүзеге асырып жатқанын және оның сапалы іске асуы бүкіл аймақ үшін үлкен абырой екенін атап өтті.

"Жалпы, жұмыс барысы жаман емес, ең басты талап — сапа. Қолданыстағы барлық материалдар мен технологиялар сапа стандарттары мен жоба талаптарына сәйкес болуы керек. Адамдар үшін баспана салып жатқандарыңызды ұмытпаңыздар", — деді облыс әкімі.

Жеке тұрғын үй құрылысына жаңа тәсілдерді қалыптастыратын пилоттық жоба бірнеше кезеңде жүзеге асырылмақ. Тұрғын үйлер құрылысын "Нұр Ақтөбенің" үш шағын ауданында салу жоспарлануда. 2 928 отбасын қоныстандыруға есептелген жалпы саны 193 мың шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілетін болады.

Соның ішінде, құрылыс толық қаржыландырылса, ағымдағы жылы жалпы алаңы 90,2  мың шаршы метр болатын 39 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде, оған 1460 отбасы қоныстана алады. Баспананың бір шаршы метрі  120 мың теңгеден аспайды, ай сайынғы төлем баспананың шаршы көлемі мен жинақ шарттарына байланысты 55 мыңнан 127 мыңға дейін.

Алайда құрылыс жүргізуде кейбір мердігерлер мерзімінен қалып келеді. Өңір басшысы қала әкімдігі мен құрылыс басқармасына себептерді анықтап, тиісті шаралар қолдануды тапсырды. Сонымен қатар, инженерлік коммуникациялардың құрылысын бастап, сапалы құрылыс материалдарымен үздіксіз қамтамасыз етіп отыруды жүктеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу