Биыл 10 мұнай-газ учаскесі онлайн-аукцион арқылы сатылмақ

655

Сауда-саттық 23 желтоқсанға жоспарланған.

Биыл 10 мұнай-газ учаскесі онлайн-аукцион арқылы сатылмақ

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика вице-министрі Жанат Жахметова айтты. Оның сөзінше, биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап жер қойнауын пайдалану құқығын алғысы келетін тұлғалар аукцион өткізуге онлайн режимінде өтініш бере алады. Министрлік 20 күннің ішінде оны қарастырып, қай участок бойынша аукцион өткізуге болатынын және күнін хабарлайды. 

"Қазіргі кезде аукционға қатысуға 30-дан астам өтініш келіп түсті. Соның қорытындысы бойынша 2020 жылы Қазақстанда 10 мұнай-газ учаскесін электрондық аукцион арқылы сату жоспарланып отыр. Саудадағы бонусының жалпы бастапқы мөлшері 400 млн теңгені құрайды. Саудада баға өседі", – деді Жанат Жахметова. 

Вице-министрдің айтуынша электрондық сауда-саттықты өткізу 2020 жылдың 23 желтоқсанында сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін, яғни жеңімпаз анықталғанша деп белгіленген. Ал оған қатысуға өтінімдер 29 қарашаға дейін қабылданады. "Көмірсутектерді игеру және өндіру үшін мемлекет ұсынатын учаскелердің жалпы ауданы шамамен 29 мың шаршы шақырымды құрайды", – деп атап өтті вице-министр. 

Еске сала кетсек, бұған дейін аукциондар тек офлайн режимінде өткізіліп келген. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу