"Биыл 100 заң қабылданды": Ерлан Қошанов Мәжіліс атқарған жұмыс туралы

88

Бірнеше кодекс бойынша жұмыс аяқталған.  

"Биыл 100 заң қабылданды": Ерлан Қошанов Мәжіліс атқарған жұмыс туралы Фото: t.me/mazhilis_kz

Мәжілісі биыл 100 заң қабылданды. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты

"Осы жыл Парламент Мәжілісі үшін де жемісті болды. Біз Мемлекет басшысының Жолдауларында, сайлауалды бағдарламасында, Ұлттық Құрылтайда берген тапсырмалары негізінде бірқатар маңызды заңнамалық актілерді қабылдадық. Биыл 100 заң қабылданды, оның 24-не депутаттар бастамашы болды. Сондай-ақ, еліміздің негізгі құжаттары – Су, Бюджет, Салық, Құрылыс және Цифрлық кодекстер бойынша жұмысты аяқтадық", – деді Ерлан Қошанов.

Бұдан бөлек "Жасанды интеллект туралы" жаңа заң қабылданды.

"Биыл да қоғамдық кеселдермен күресті белсенді түрде жалғастырдық. Әсіресе, лудомания бойынша жаңа нормалар енгізілді. Халықты, соның ішінде жастарды қорғау үшін ғимараттарда және онлайн-кеңістікте букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға тыйым салынды. Некеге тұруға мәжбүрлеу де заңмен реттелді. Бұл қадам жеке тұлғаның қадір-қасиетін, қалауы мен таңдауын және адамның құқықтарын қорғауға деген мемлекеттің ұмтылысын нақты көрсетті.

Тағы бір мәселе – телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың өсуі. Оған тосқауыл қою үшін байланыс саласында қатаң шаралар қолға алынды. Сонымен қатар, цифрлық кеңістікте түрлі қауіп-қатер өршіп келе жатыр. Биыл алаяқтық схемаларға қатысы бар тұлғаларға, яғни дропперлерге қылмыстық жауапкершілік енгізілді", – деп атап өтті Мәжіліс төрағасы.

Бір адамның атына 10 абоненттік нөмірден артық ресімдеуге шектеу қойылды. Сондай-ақ алаяқтық мақсаттағы қоңыраулар үшін пайдаланылатын нөмірлерді бұғаттау көзделді.

Айта кету керек, бұған дейін Мәжіліс 2025 жылды қорытындылағанын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу