2020 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша 11,8 мың адам тарихи Отанына оралып, оралман мәртебесін алды, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
"Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 69,1 мың қандасымыз оралды. Осы жылы Қазақстанға этникалық қазақтардың жартысынан көбі (55,5%) Қытайдан, 28,8% – Өзбекстаннан, 9,1% – Түрікменстаннан, 3,4% – Моңғолиядан және 2,9% басқа елдерден келген. Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (52,3%), Маңғыстау (13,4%) және Түркістан (5,5%) облыстарына, сондай-ақ Нұр-Сұлтан (4,1%) және Алматы қалаларына (5,7%) қоныстанды", – деп жазылған хабарламада.
Бұған қоса, өткен 10 айдың қорытындысы бойынша еңбекке қабілетті жастағы қоныс аударушылар саны 55,9%-ды, еңбекке қабілетті жастан кішілері 32,6%-ды және зейнет жасындағы қандастарымыз 10,5%-ды құрады.