Биыл 130 млн түп ағаш отырғызылады

1099

Жобаға республикалық бюджеттен 5 жылда 22 млрд теңге бөлінеді.

Биыл 130 млн түп ағаш отырғызылады

2021 жылы елімізде 130 млн түп ағаш отырғызу жоспарланып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері Щучинск (Ақмола облысы) пен "Бурабай" ұлттық паркінде жұмыс сапарымен болды. Онда ведомство өкілдері 2 млрд түп ағаш отырғызу жобасын іске асыру бойынша ұйымдардың жұмысымен танысты.

Елімізде ормандылық көрсеткіші – 4,8% деңгейінде. Аталған жобаны іске асыру көрсеткішті 5%-ға жеткізуге жеткізуге мүмкіндік береді.

"Жобаны жүзеге асыру үшін барлық облыс пен министрліктің ведомстволық бағынысты мекемелерінде ормандарды молықтыру мен орман өсірудің 5 жылдық кешенді жоспарлары бекітілген, әрі республикалық және жергілікті бюджеттерден шығыстар айқындалған. Сондай-ақ орман және табиғат қорғау мекемелерінің іс-қимылын үйлестіру жөніндегі штаб құрылды", - деп жазылған министрлік таратқан хабарламада.

Жоба аясында биыл көктемде 81,5 млн түп ағаш отырғызылған, күзде тағы 48,2 млн ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Осылайша, 2025 жылға дейін 642,8 млн түп ағаш отырғызылады.

"2 млрд түп ағаштың 1 455,7 млн данасын әкімдіктер, 294,3 млн данасын орман пайдаланушылар мен халықаралық донорлар, 250 млн данасын экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне бағынысты ұйымдар отырғызады", - деп жазылған хабарламада.

Аталған жобаны іске асыру барысында шамамен 610 мың түп сексеуіл, 555 мың түп қарағай, 193 мың түп үйеңкі, 132 мың түп
шегіршін, 100 мың түп қайың және басқа да ағаш түрлерін отырғызу жоспарланып отыр.

"Жоба 5 жылға жоспарланған, осы уақыт аралығында республикалық бюджеттен 22 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 60 млрд теңге бөлінеді", - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, бүгінде орман қорының жалпы алаңы – 30 млн гектар немесе Қазақстан аумағының 11%-ына тең. Орманды алқаптың басым бөлігі – Қызылорда, Жамбыл (сексеуіл), Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында (майқарағай, самырсын, балқарағай және шырша) орналасқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу