Биыл 15 мектеп салынады – елорда әкімі

980

2030 жылы Нұр-Сұлтанда 400 мың оқушы болады. 

Биыл 15 мектеп салынады – елорда әкімі Фото: Александр Куприенко

2021 жылы елордада 15 мектеп салынады. Оған 40 мың оқушы бара алады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ол қала тұрғындарының саны жыл сайын өсуіне байланысты мектептерді салу жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

"Елордада жыл сайын ішкі көші-қон және туу көрсеткіші есебінен тұрғындар саны өсіп келеді. Мысалы, 2010 жылы қаладағы мектептерде 74 мың оқушы білім алса, қазір 193 мың оқушы білім алып жатыр. Бірінші сынып оқушыларының саны артуда. 2019 жылы 5,5 мыңнан аса түлек мектеп бітірсе, ал бірінші сыныпқа 24,5 мыңға жуық бүлдіршін келді. Ал 2020 жылы 6,6 мың түлек болса, бірінші сыныпқа 21 мыңнан астам бала келді. 2030 жылға қарай Нұр-Сұлтанда 400 мыңға жуық оқушы болады деген болжам бар", - деді Алтай Көлгінов ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында

Осыған байланысты елорда әкімі мектептерді көп ашу керегін атап өтті.

"Біз ірі мектептерді сала бастадық. Білім мекемелері қаланың барлық ауданында оның ішінде тұрғын үй массивтерінде салынып жатыр. Мектеп қажет аудандарға ерекше назар аударылады", - деді қала басшысы.

Оның айтуынша, 2019 жылы 6 мектеп, ал 2020 жылы 11 мектеп салынған.

"Биыл 15 мектеп салынады. Оған 40 мың оқушы бара алады. Салыстырмалы түрде қарасақ, бұл 2020 жылдан екі есе, ал 2019 жылдан төрт есе көп. Алдағы бес жылда елордада 67 мектептің құрылысы жоспарланып отыр. Оқу орындарының құрылысы жеке инвестицияларды тарту есебінен де жүргізіліп жатыр", - деп түйіндеді сөзін Алтай Көлгінов.

Дәурен Ерболат

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу