Он бағыттағы рейстер қайта жанданды. Биыл 16 жаңа бағыт ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Халықаралық әуе рейстерінің саны жыл сайын артып келеді.
"Қазіргі уақытта 31 елдің 58 қаласына 119 бағыт бойынша рейстер орындалады. Былтыр 22 халықаралық бағыт бойынша 6 жаңа қалаға 12 рейс ашылды. Олардың қатарында Мумбай (Үндістан), Джидда (Сауд Арабиясы), Прага (Чехия) сияқты ірі қалалар бар. Сонымен қатар, 10 бағыттағы рейстер қайта жанданды. Биыл 16 жаңа бағыт ашу жоспарланып отыр. Олардың қатарында Рим, Мюнхен, Будапешт, Шанхай, Гуанчжоу, Пусан (Оңтүстік Корея) және басқа да қалалар бар", - деді вице-министр.
Қазақстанның халықаралық әуе нарығына 4 жаңа шетелдік лоукостердің келуімен жолаушыларға бюджеттік әуе бағыттарын ұсыну мүмкіндігі артады.
"Олар: SpiceJet (Үндістан), Eastar Jet және T’way Air (Оңтүстік Корея), ThayAirAsia (Тайланд). Өткен жылы "ашық аспан" режимі Қызылорда, Қостанай және Атырау әуежайларында енгізілді және барлық халықаралық әуежайларда жұмыс істеп жатыр", - деді Талғат Ластаев.
Айта кету керек, осыған дейін жыл соңына дейін көлік оқиғаларын тергеу жөніндегі арнайы орталық құрылатынын жазғанбыз.