Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мемлекеттік білім беру тапсырысының соңғы 3 жылда алғаш рет 99%-ы игерілді. Атап айтсақ, конкурс нәтижесі бойынша әлеуметтік осал топтардан 412 жетім бала, мүгедектігі бар 382 адам, көпбалалы отбасынан шыққан 3 576 бала, толық емес отбасыдан шыққан 933 бала, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыдан 437 балаға грант берілді. Биыл алғаш рет қандастарды қабылдау процедурасын өзгерту нәтижесінде 1604 қандасқа грант берілді", - деді Саясат Нұрбек.
Бұған дейін қандастар ҰБТ-ның 5 пәнін тапсырған болса, 2024 жылдан бастап тек 3 пәнді тапсырады әрі оларға шектік балл жинаудың талабы қойылмайды.
"Батыс және халқы тығыз қоныстанған өңірлерден шыққан жастарға арналған 5000 мақсаттық грант 100% игерілді. Елімізде орын алған су тасқынына байланысты, біз жоғары білім алуға гранттардың аз ғана бөлігін зардап шеккен өңір түлектеріне бөлдік. Саны көп те емес, 5112 грант. 20 мыңнан астам түлек су басқан өңірден бітірсе, соның 10 мыңнан астам түлегі жалпы конкурспен өтті. Су тасқынынан зардап шеккен аймақтар үшін квота қарастырылғанымен, сол аймақтардың талапкерлері жалпы конкурс бойынша грант ұтып алды. Грант алғандардың тек 1130-ы немесе 1,7%-ы мүмкіндікті пайдаланды", - деп атап өтті Ғылым және жоғары білім министрі.