2017 жылы Ақмола облысында облыстық бюджет есебінен 1662 адам шипажайлардан тегін ем қабылдауға жолдама алады, оның - 27 мүгедек бала. 2016 жылмен салыстырғанда биыл тегін жолдама 565-ге артық қарастырылып отыр. Бұл туралы Ақмола облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап өңірлік коммуникация қызметі хабарлап отыр.
Былтыр облыс бюджеті есебінен 1097 мүгедек жан ем алды, олардың 20-сы – жарымжан бала. Шипажай-курорттық еммен қамтамасыз етуді оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектерге және мүгедек балаларға жолдама ұсыну арқылы жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады
Сонымен қатар Көкшетау қаласы мәслихаты сессиясының шешімімен жергілікті бюджет қаражатымен 479 адам шипажайға ем алуға жіберілді. Олардың қатарында ҰОС ардагерлері, тың еңбеккерлері, еңбек ардагерлері, интернационал-жауынгерлер бар.