Биыл 18 жамбылдық түлек ҰБТ-дан шығарылған

887

Өңірде түлектердің 72,5%-ы ҰБТ тапсырған.

Биыл 18 жамбылдық түлек ҰБТ-дан шығарылған

2021 жылы 18 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуден (ҰБТ) шығарылды. Бұл туралы Жамбыл облысы Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Жамалов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Оның айтуынша, биыл өңірде 238 мыңнан аса оқушы мектеп бітірген.

"11 мыңнан аса оқушы – 11-сынып түлектері, 20 мыңға жуығы 9-сынып оқушылары. Оның ішінде 461 түлек "Алтын белгіге" және 538 түлек үздік аттестат алды. 9 (10) сынып оқушыларының қорытынды емтихандары 28 мамыр – 5 маусым аралығында, 11-сынып оқушыларының мемлекеттік қорытынды емтихандары 1-10 маусым аралығында өтті", - деді Талғат Жамалов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Ол  оқу үлгерімі нашар оқушылар үшін 26 мамырдан 19 маусымға дейін облыстағы барлық білім мекемесінде жазғы мектеп ұйымдастырылғанын атап өтті.

Талғат Жамалов осы жылы ҰБТ  электронды форматта өткенін жеткізді.

"Түлектер компьютер арқылы тест тапсырды. Тестілеу облыс аумағында екі "Ustudy" ЖШС-нің  ҰБТ тапсыру пункттерінде өткізілді. Өткен жылмен салыстырғанда ҰБТ-ның биылғы жаңа форматы мектеп бітірушілерге өте қолайлы болды. Оларға ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік берілді. Екі тестілеудің қайсысынан талапкер жоғары балл жинаса, сол нәтижемен мемлекеттік грантқа үміткер ретінде конкурсқа қатысты" - деді басшы.

Талғат Жамалов 2020 жылы ҰБТ тапсыру кезінде аудиториядан 189 түлек, биыл тек 18 түлек шығарылғанын атап өтті.

"Тестілеуге 11 222 мектеп бітірушінің 8 142-і (72,5%) қатысты. Облыс бойынша ҰБТ-дегі орташа балл – 83,2. Өткен жылмен салыстырғанда 12,1-ге жоғары, ал 2020 жылы 70,2 балл болған", - деді басшы.

Айта кетейік, республика бойынша ҰБТ 6 мамыр – 30 маусым аралығында өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу