Былтыр республикамызда сауықтыру демалысымен 2 млн 220 мың бала қамтылды. Бұл туралы "Балдәурен" оқу-сауықтыру орталығында 2017 жылға арналған жазғы демалыс мәселелері жөніндегі республикалық семинар-кеңесте айтылды, деп хабарлайды inform.kz.
"Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне жүгінсек, 2016 жылы республикамызда сауықтыру демалысымен 2 млн 220 мың бала (86,7 пайыз) қамтылған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,7 пайызға артты", – деп жазылған ҚР БҒМ Балалардың құқығын қорғау комитетінің мәліметінде.
Оның ішінде жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар саны 15 пайызға ұлғайды. Бұдан бөлек аз қамтылған отбасыдан шыққан балалар саны 45,3 пайызға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалар 38,4 пайызға, дарынды балалар саны 57,2 пайызға артты.
Нақтырақ айтсақ, білім басқармаларының деректеріне сүйенсек, елімізде 2016 жылы 12 689 сауықтыру лагері мен алаң жұмыс істеген. Оның ішінде 240 қала сыртындағы лагерь, жыл бойы жұмыс істейтін 15 демалыс орны, 11 137 мектеп жанындағы лагерь, сондай-ақ 1298 шатырлы немесе киіз үйлі, спорттық және өлкетану лагері бар.