Биыл 22 мыңнан астам адам кәсіптік оқумен қамтылды

93

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті.

Биыл 22 мыңнан астам адам кәсіптік оқумен қамтылды Фото: inbusiness.kz

1 сәуірдегі жағдай бойынша біліктілікті арттыру және жаңа мамандықтарды игеру мақсатында кәсіптік оқумен 22 051 адам қамтылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қысқа мерзімді оқыту жұмыссыз азаматтарға бірнеше ай ішінде еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби білім мен дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді.

Оқыту келесі нысандарда ұйымдастырылады:

  • оқу ұйымдарында (курстар жұмыс берушілердің өтінімдері негізінде қалыптастырылады);
  • тікелей жұмыс берушілердің жұмыс орындарында;
  • сұранысқа ие кәсіптер тізбесі бойынша онлайн форматтағы Skills Enbek қысқа мерзімді оқыту порталында.

Оқыту ұзақтығы 6 айдан аспайды және алынатын біліктіліктің ерекшеліктерін ескере отырып айқындалады.

Өңірлік бөліністе оқуға жолданғандардың ең көп саны Ақтөбе облысында – 2,6 мың адам, Шымкент қаласында – 2,3 мың адам, Түркістан және Қызылорда облыстарында – әрқайсысында 1,6 мың адам, сондай-ақ Қостанай облысында – 1,5 мың адам тіркелді.

– 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша мансап орталықтары арқылы оқу ұйымдарына кәсіптік оқуға 163 адам жолданды, олардың ішінде 10 адам оқуды аяқтады. Оқу қорытындысы бойынша 9 адам жұмысқа орналастырылды, – делінген ведомствоның хабарламасында.

Жұмыс берушілердің жұмыс орнында оқыту тәжірибелі қызметкерлер қатарынан тәлімгер бекіту арқылы ұйымдастырылады. Оқыту кезеңінде жұмыс беруші мен жұмыссыз азамат арасында еңбек шарты жасалады. 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі жалақы мансап орталығы тарапынан оқитын азаматтың шотына қаражат аудару арқылы төленеді. 2026 жылдың басынан бері оқытудың осы түрімен 288 адам қамтылды.

Skills Enbek порталы арқылы 2026 жылы онлайн-оқумен 21,6 мың жұмыссыз азамат қамтылды.

Ең сұранысқа ие мамандықтар:

– аспаз – 78 адам;

– тігінші – 50 адам;

– бухгалтер-кассир – 28 адам;

– шаштараз – 26 адам;

– ауыл шаруашылығы өндірісінің тракторшы-машинисі – 25 адам;

– маникюр шебері – 24 адам;

– шаштараз-стилист – 22 адам.

Еске салайық, қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өту үшін тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына, ал ауылдық жерлерде – кенттер, ауылдық округтер және аудандық маңызы бар қалалар әкімдеріне жүгіну қажет.

Кәсіптік оқудан өтетін азаматтарға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі: оқу ақысы төленеді, стипендия немесе жалақы беріледі, сондай-ақ жол жүру шығындары өтеледі.

Тұрғылықты жерінен тыс оқыған жағдайда тұруға материалдық көмек (тұрғын үйді жалдау шығындарын өтеу) қарастырылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу