Биыл 221 шақырым жылу желілері жөнделеді

220

Бұл мақсатқа шамамен 128 млрд теңге қарастырылған. 

Биыл 221 шақырым жылу желілері жөнделеді Фото: primeminister.kz

Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

"Жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сәйкес, жылу желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 13 мың шақырымды құрайды. Орташа тозу деңгейі – 53%, шамамен 7 мың шақырым ауыстыруды қажет етеді. Жылу желілерінің жоғары тозу деңгейі Павлодар (Екібастұз – 91%, Павлодар – 83%), Ақмола (Степногорск – 82%, Атбасар-76,5%), Солтүстік Қазақстан (Петропавл-74%), Қостанай (Арқалық – 68%, Рудный – 68%), Маңғыстау (Ақтау – 71%) және Қарағанды (Теміртау – 67%) облыстарында. Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес 2030 жылға дейін жылу желілерінің тозуын 43%-ға төмендету қажет", - деді Қанат Шарлапаев.

Оның сөзінше, бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін жыл сайын шамамен 350 шақырым жылу желілерін жөндеу қажет. Қаржылық қажеттілік – жылына шамамен 250 млрд теңге.

Былтыр барлық қаржыландыру көздері есебінен 336 шақырым жылу желілері жаңғыртылған.

"Биыл барлық қаржыландыру көздері есебінен 221 шақырым жылу желілерін жөндеу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа шамамен 128 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде республикалық бюджет есебінен 72,3 млрд теңге (126 км); жергілікті бюджеттен 39 млрд теңге, табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламалары есебінен 17 млрд теңге (69 км). Қосымша 233 шақырым жылу желілерін жөндеуге 162 млрд теңгеге дайын жобалар бар", - деді министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу