Биыл еліміздегі егіс алқабының көлемі 23,7 млн гектарға дейін жеткізіледі. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Облыс әкімдіктерінің деректеріне сәйкес, биылғы жалпы егіс алқабы 23,7 млн гектарға тең. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 413 мың гектарға көп.
"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр, нәтижесінде 2 жыл ішінде бидай алқабы 750 мың гектарға қысқарды. Азықтық және майлы дақылдар алқаптары осы жылы 3,3 млн гектар, күнбағыс алқабы алғаш рет 1,4 млн гектар болды. Дәнді және бұршақ дақылдарын 16,6 млн гектарға орналастыру жоспарланып отыр. Мақта алаңы 135 мың гектар болмақ, оның ішінде дәстүрлі әдіспен өсірілетін алаң 21,4 мың гектарға қысқарып, 85 мың гектар болды", - деді ведомство басшысы.
Айдарбек Сапаровтың сөзінше, "Түркістан" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен қытайлық Синьцзян Лихуа компаниясының ортақ жобасын есебінен тамшылатып суарылатын мақта алаңы 50 мың гектарға ұлғаятын болады.
"2023 жылға дейін тек 2 мың гектар мақта алқабы тамшылатып суару технологиясымен өсірілген болатын. Қызылорда облысы бойынша күріш алқабы 4,7 мың га қысқаратын болады. Одан бөлек, суды үнемдеу үшін 9,2 мың га су үнемдеу технологиясын енгізу және 60 мың га лазерлік тегістеу жұмыстары жүргізіледі", - деді министр.
Ауыл шаруашылығы министрі ылғал жабу жұмыстары толығымен аяқталғанын айтты. Егу алдындағы өңдеу және көктемгі жер жырту жұмыстары аяқталу сатысында тұр.