Биыл 350 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады

793

Қазақстан бойынша 5 мыңға жуық мектеп мұғаліміне қажеттілік бар.

Биыл 350 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады

Биыл 350 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды, деп хабарлайды abctv.kz.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің сөзінше, жаңа оқу жылында елімізде 7024 мектеп жұмыс істейтін болады. Оған 3 миллионнан астам оқушы барады. Жалпы биыл 350 мыңға жуық бала бірінші сыныптың табалдырығын аттайды деген болжам бар. Ал мектеп формасына қатысты ешқандай өзгеріс жоқ.

"Республикалық бюджет есебінен 110 мектеп салынуда. Оның 72-сі биылғы оқу жылында пайдалануға беріледі. Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен қосымша 94 мектеп салынып жатыр", – деді Ерлан Сағадиев үкіметтің бүгінгі отырысында.

Министрдің дерегінше, мемлекеттік мектептердегі барлық мұғалім саны –  280 мың адам. Бұл ретте 5 мыңға жуық маманға қажеттілік бар.

"Жаңа оқу жылында 900 мыңға жуық бала баратын 10 311 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейтін болады. Бұл салада мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жүйесі жақсы дамыған. Олардың үлесі 37 пайызды немесе 3 584 балабақшаны құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға артық. Тек соңғы 6 айдың ішінде жаңадан 41 мың орын ашылды. Оның 31 мыңы – жеке меншік. Соның нәтижесінде 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 93 пайызға жетті", – деді министр.

Ерлан Сағадиев жыл соңына дейін балабақша кезегіне тұру және жолдама алу процесі барлық облыста толықтай автоматтандырылатынын айтты.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу