Биыл 37 мың азамат Теңіз кен орнындағы жоба жұмысынан босатылады

1231

"Келешек кеңею" жобасындағы құрылыс-монтаждау жұмыстарының басым бөлігі аяқталған.

Биыл 37 мың азамат Теңіз кен орнындағы жоба жұмысынан босатылады

Атырау облысындағы Теңіз кен орнында жоба жұмысынан 39 мың адам босатылады. Оның ішінде 37 мың қазақстандық бар, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Жылыой ауданында орналасқан Теңіз кен орнында 2016 жылы "Келешек кеңею" жобасын іске асыру басталған. Бұл – елімізде қолға алынған ең ірі жобаның бірі. Осы кезге дейін жобаға сәйкес құрылыс-монтаждау жұмыстарының 82 пайызы аяқталған. Қазір жобада 60 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Оның 5 мыңы – шетелдік. Ал жобадағы қазақстандық жұмысшылардың 40 пайызға жуығын атыраулықтар құрап отыр.

"Қазір "Теңізшевройл" компаниясының мәліметінше, "Келешек кеңею" жобасындағы құрылыс-монтаждау жұмыстарының басым бөлігінің аяқталуына байланысты биылғы жылдың соңына дейін шамамен 39 мың адамды босату болжанып отыр. Оның ішінде Қазақстан Республикасының 37 мың азаматы бар. Жұмыстан босатылатын адамдардың шамамен 40 пайызын Атырау облысының тұрғындары құраса, өзгелері елімізің басқа өңірлерінде тұратын азаматтар.

"Бұл мәселе облыс әкімдігінің тұрақты бақылауына алынды. Былтырдан бері жұмыстан босатылатыны болжанған азаматтарды еңбекпен қамтуға қатысты тиісті жұмыстар қолға алынды. Атап айтқанда, осы мәселеге жауапты органдармен – Енбек және халықты әлеуметтік қорғау, Энергетика министрліктерімен, сондай-ақ, "Теңізшевройл" компаниясы басшылығымен ай сайын кездесу өткізіліп, ақпараттар алмасылып, жоспарлар пысықталып отыр", – деп хабарлады Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, 2021 жылдың соңына дейін жоба жұмыстарынан 2 769 адам босатылған. Оның ішінде жергілікті 1 228 тұрғын болған. Жұмыстан босатылған арасынан 785 атыраулық тұрақты жұмысқа орналастырылған. Басқа жобаларға 19 адам ауыстырылып, 2-еуі оқуға жіберілген. Әлеуметтік төлемді 210 адам алып отыр. әлеуметтік төлемдер алуда. Ал 212 адам өз мүмкіндігімен басқа жұмыс тапқан.

"Биылғы І тоқсанда 2 900-ден астам адам босатылады деп болжанып отыр. Оның ішінде Атырау облысынан 1 270 адам бар. Жұмыстан босатылатын адамдарды жұмыспен қамту жұмыстары пысықталып жатыр. Атырау облысының әкімдігі өз тарапынан "Еңбек", "Жұмыспен қамтудың жол картасы", "Индустриялық-инновациялық даму", "Бизнестің жол картасы", "Өңірлік даму" және өзге де мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде жыл сайын 12 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтиды. Сондай-ақ облыста биыл және келесі жылы іске асырылатын ірі инвестициялық жобалар аясында 9 мыңға жуық адамды жұмыспен қамту көзделген", – деп мәлім етті әкімдіктің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 23 мыңға жуық жұмыс орны ашылатынын хабарлаған едік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу