ҚР үкіметінің отырысында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов осы жылдың 11 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы баяндама жасады.
"Жоғары инвестициялық және тұтынушылық сұраныс, сонымен қатар экономиканың базалық салаларындағы өндірістік белсенділік экономикалық өсімнің негізгі факторларына айналды. Экономика өсіміндегі шешуші рөлді негізгі капиталға салынатын инвестициялар алып отыр. Биылғы 11 айда олардың көлемі 18,3% өсті", – деп мәлімдеді Тимур Сүлейменов.
ҚР ҰЭМ деректеріне сәйкес, өнеркәсіптегі және ауыл шаруашылығындағы өндірістік белсенділікті кеңейту көлік саласына оң әсерін тигізді. Сондай-ақ, төмен инфляцияның және халық табыстарының өсуі аясында сауда да өсті. Жалпы қызмет көрсету саласы 4% өсімді қамтамасыз етті және ЖІӨ өсімне 2,3 п.т. өсім қосты.
Сыртқы сауда айналымы тұрақты өсім қарқынын сақтап отыр. 9 айда өсім 21,6% құрады. Экспорт 28,2% өсті. Бұл негізінен мұнайды, АӨК өнімдерін, мұнай газдарын, алюминийді және мыс кендерін жеткізудің артуына байланысты.
"Еңбек нарығындағы жағдай тұрақты. Осы жылдың басынан бері 468,6 мың адам жұмысқа орналастырылды (1 қарашадағы жағдай бойынша). Жалақы көлемі қарқынды түрде өсіп келеді. Биылғы қаңтар-қазан айларында орташа айлық жалақы 159,5 мың теңгеге дейін ұлғайды. Бағалау бойынша нақты көріністе 2,2% өсті", – деген ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов осы жылғы қаңтар-маусымда еліміздің 13 өңірінде нақты кірістердің өсімі байқалып отырғанын атап өтті.
ҚР ҰЭМ бағалауы бойынша, жалпы инфляция өсімінің бәсеңдеуі аясында нақты ақшалай кірістер осы жылдың қорытындысы бойынша оң аймақта сақталады.
Сонымен қатар, Тимур Сүлейменов алдағы мереке күндеріне орай тұтынушылық сұраныс одан әрі өсетінін, сәйкесінше, сауда өсімі болатынын, оның ЖІӨ құрылымына оң әсерін тигізетінін айтты.