Биыл 5 796 жас кәсіпкерге микрокредит беріледі

597

Микрокредиттер Агрокредиттік корпорация арқылы беріледі. 

Биыл 5 796 жас кәсіпкерге микрокредит беріледі Фото: дополучки.кз

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысында әйелдер жұмыссыздығын төмендету шаралары туралы айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz ведомствоға сілтеме жасап.

Министр Қазақстанда еңбекке қабілетті жастағы әйелдер саны 4,5 млн-нан астам адамды құрайтынын, оның 75%-ы экономиканың түрлі салаларында еңбек ететінін айтты.

Сондай-ақ, әйелдердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қамтамасыз етуде Отбасының цифрлық картасы бағдар болып табылатынын, ол арқылы жұмыспен қамту шараларын көрсетуге мұқтаж әйелдердің санаттары айқындалатынын атап өтті.

"Әйелдер арасындағы жұмыссыздықтың жоғары үлесін, еңбекке қабілетті жастағы әйелдердің жоғары үлесін және 2000 жылдары туылғандар есебінен олардың санын көбейту ықтималдығын ескере отырып, әйелдерді жұмысқа орналастыру мәселесі ерекше назар аударуды қажет етеді. Осыған байланысты өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде 947 мыңнан астам адамды, оның ішінде әйелдерді жұмысқа орналастырумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бүгінгі таңда 267 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды, оның 60,5%-ы немесе 161,4 мыңы әйелдер", – деді Тамара Дүйсенова.

ЕХӘҚМ басшысы ОЦК деректері бойынша жұмысқа орналастырылған әйелдердің 49%-ы (79,1 мың) жастар екенін айтты. Ал әлеуметтік санаттар бөлінісінде жұмысқа орналастырылған әйелдердің көпшілігі көп балалы (18,5 мың), мүгедектігі бар (3,7 мың) адамдар және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған (3,1 мың) әйелдер болып табылады.

"Қолданыстағы жұмыспен қамту тетіктерінің арқасында 114 мың отбасында еңбек табысы пайда болды, ал 47 мың отбасында жұмыс істейтін отбасы мүшелерінің санының артуына байланысты табысы өсті", – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Министр зейнеткерлік жасқа дейінгі әйелдерді жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Қазақстанда 50-ден 60 жасқа дейінгі 1 млн-ға жуық әйел бар, оның ішінде 325 мыңының табысы жоқ, бұл болашақта зейнетақы төлемдерінің төмен деңгейіне тікелей әсер етеді.

"Болашақ тәуекелдер сөзсіз әлеуметтік сипатқа ие болады, осыған байланысты 2022 жылдан бастап зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдар үшін "Күміс жас" жобасы алғаш рет іске қосылды. Өткен жылы жоба аясында 3 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды, олардың жартысын әйелдер құрайды.

Жобаға қатысушылар контингентін кеңейту үшін биыл біз қатысу жасын қайта қарадық. Егер өткен жылы жобаға 59 жастан асқан адамдар ғана қатыса алса, биылғы жылы жас шегі 50 жасқа дейін төмендетілді, бұл 9,4 мың егде жастағы азаматты қамтуға мүмкіндік берді, оның 54%-ы 50 жастан асқан әйелдер.

Жұмыс орындарын жұмыс берушілер ұсынады, қатысушылар біліктіліктеріне қарай өз бетінше таңдауға құқылы", – деді Тамара Дүйсенова.

Сонымен қатар ЕХӘҚМ басшысы әйелдерді ұлттық жобаларды іске асыру шеңберінде және жұмыс берушілерден бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру туралы хабардар етті.

"Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің тағы бір белсенді шарасы бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру болып табылады. Наурызда гранттарды бөлудің I кезеңі өтті, оның нәтижелері бойынша мемлекеттік гранттарды 2 564 адам алды, грант алушылардың 62,4%-ы әйелдер болды.

Республика бойынша грант алушылардың басым көпшілігі көп балалы отбасылар қатарынан 1384 стипендиат (оның ішінде 917 әйел), мүгедектігі бар адамдар арасынан 494 адам (168 әйел), мүгедектігі бар балалардың қамқоршылар тізімінен 306 адам (239 әйел), атаулы әлеуметтік көмек алатын 176 адам (127 әйел)", – деп хабарлады Тамара Дүйсенова.

Сондай-ақ, министр Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында биылғы жылдан бастап енгізілген жастардың жылдық 2,5% кәсіпкерлік бастамаларын қолдау үшін жеңілдетілген микрокредит беру туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

"2023 жылға арналған республикалық бюджеттен 5 796 жас кәсіпкерге 5 млн теңгеден микрокредит беру үшін 29 млрд теңге қарастырылған. Микрокредиттер Агрокредиттік корпорация арқылы беріледі. Бүгінгі таңда кредиттеудің жалпы сомасы 5,3 млрд теңгеге 1 118 өтінім келіп түсті, оның ішінде комиссия жалпы сомасы 482,5 млн теңгеге 102 өтінімді мақұлдады. Бұдан басқа, 420 өтінім Агрокредиттік корпорацияның өңірлік филиалдарында қаралуда, 149 өтінім пысықтауға қайтарылды, 448 өтінім өңірлік комиссиялардың қарауында, 26 өтінім бойынша комиссиялар нақты бизнес-жоспарлардың болмауына байланысты микрокредиттер беруден бас тарту туралы шешім қабылдады", – деп хабарлады Тамара Дүйсенова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу