Биыл 6 млн-ға жуық қазақстандыққа вакцина салу жоспарланған - Алексей Цой

1060

"Цифрлық құжаттар" қызметіндегі вакцинация паспорты арқылы егілгендердің есебі жүргізілмек. 

Биыл 6 млн-ға жуық қазақстандыққа вакцина салу жоспарланған - Алексей Цой

2022 жылға дейін елімізде шамамен 6 млн қазақстандық коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациядан өтеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында мәлім етті, деп хабарлады inbusiness.kz порталы. 

"Қазақстанда жеке вакцина әзірлеушілер, сондай-ақ вакцина өндіруге арналған оқшауланған алаң бар - бұл вакцинамен қамтамасыз етуге байланысты тәуекелдерді барынша азайту және республикамыздағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға айтарлықтай әсер етеді. Осылайша, 2021 жылы біз 6 млн-нан астам адамды егу жоспарлап отырмыз", – деді министр. 

Алқа отырысы барысында Денсаулық сақтау министрі қазір медицина мамандарына ресейлік "Спутник V" вакцинасы салынып жатқанын атап өтті. Бүгінде ол Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілуде. Отандық тауарды жеткізу бекітілген кестеге сәйкес – биыл 24 ақпанда басталды. Сонымен қатар, биыл сәуір айында ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздікпроблемалары ғылыми-зерттеу институты әзірлеген – отандық "QazCovid-in" вакцинасын қолдану жоспарланған. Бұл ретте 2 мыңнан аса медицина қызметкерлері коронавирусқа қарсы вакцинацияның қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету бойынша арнайы оқытылғанын атап өткен жөн. Бұған қоса елімізде Е-gov mobile "Вакцинация" және "Цифрлық құжаттар" қызметіндегі вакцинация паспорты арқылы егілгендердің есебін жүргізу және иммундық жағдайды бақылау жоспарлануда. 

"Бүкіл әлем вакцинация ғана қалыпты өмірге карантинсіз оралуға мүмкіндік беретінін түсінді. Осыған байланысты өңірлер иммунопрофилактика бойынша халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет", - деді ведомство басшысы Алексей Цой.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы жаппай вакцинациялау Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылғы 1 ақпанда басталды.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу