Биыл 6 мың жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылды

920

Полицейлер жыл сайын 5,6 млн жолда жүру ережесін бұзу дерегін тіркейді.  

Биыл 6 мың жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылды

2021 жылы 6 мың жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылды. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, елімізде жыл сайын 5,6 млн жолда жүру ережесін бұзу дерегі тіркеледі. Биыл 1,3 млн осындай дерек анықталған.

"Оның ішінде 437 мың дерек көлік жылдамдығын арттыру, 289 мың дерек белгі мен таңба талаптарын орындамау, 68,6 мың дерек жарық беру аспабын пайдалану талабын бұзу, 5 мың дерек жолаушы мен жүк тасымалдау ережесін бұзу, 19,5 мың дерек аялдамаға және көлік тұрағына тоқтау ережесін бұзу", - деді төрағаның орынбасары ІІМ-де өткен брифингте.

Серік Түсіпов осы жылы 5,2 мың жүргізуші мас күйде ұсталғанын атап өтті.

"Жолда жүру ережесін бұзғаны үшін 6 мың жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылып, 5,3 мың жүргізуші әкімшілік қамауға алынды", - деді басшы.

Сондай-ақ комитет төрағасының орынбасары бейнебақылау камералары орнату жол ережесін бұзу дерегінің азаюына септігін тигізіп жатқанын атап өтті.

"2020 жылы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жолда қосымша 3,5 мыңға жуық камера орнатылды. Биыл жолдағы камералардың саны 13 174 бірлікке жетті. Жыл басынан бері олардың көмегімен 500 мыңнан аса жол ережесін бұзу дерегі анықталды", - деді Серік Түсіпов.

Дәурен Ерболат

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу