Биыл 600-ден астам ата-ана бала тәрбиелеу құқығынан айырылды

685

Тағы 340 ата-ананың құқығы шектелді. 

Биыл 600-ден астам ата-ана бала тәрбиелеу құқығынан айырылды Фото: espanarusa.com

Жалпы бала тәрбиесіне салғырт қараған 6000-нан астам ата-ана есепке алынды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Балалардың қауіпсіздігі — басым бағыттардың бірі. Осы жылдың қаңтар айында ІІМ практикалық және заңнамалық шараларды қабылдады. Министрлік Полиция департаменттері қызметіне күн сайын мониторинг жүргізеді. Апта сайын департамент арнайы есеп береді. Бүгінгі күні балалар арасындағы криминогендік жағдай тұрақты", — деп бағалады ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Әсет Оспанов.

Министрлік тарапынан кәмелет жасына толмағандар қауіпсіздігіне қатысты шаралар қайта қаралды: әрбір мектепке бір жасөспірімдер полициясы өкілі, учаскелік полиция мен жедел уәкіл бекітілген.

"Жыл басынан бері жасөспірімдер арасында 1400-ден астам қоғамға қарсы әрекет етуге бейім көшбасшылар анықталды. Олардың барлығы ішкі істер органдарының жіті бақылауында. Жасөспірімдер арасында 40 рет ақша немесе басқа да мүлікті тартып алу әрекеттері әшкереленді. Балалар арасындағы зомбылық кезінде полиция қызметкерлері үшін арнайы әрекет ету алгоритмі құрастырылды. Оған сәйкес үй-үйді аралау барысында өгей әкесімен не шешесімен тұратындарға ерекше назар аударылады. Өткен жылдың желтоқсан айында тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг, кемсітуді бастан кешіргендерге алдын ала көмек көрсету тәсілі ойластырылды", — деп түсіндірді спикер.

Оның айтуынша, қазіргі таңда 2000-нана аса отбасы қиын-қыстау кезеңді бастан кешіруде, олар туралы ақпарат уәкілетті органдарға жіберілді.

"Бала тәрбиесіне салғырт қараған 6000-нан астам ата-ана есепке алынды. Оларға қатысты 1800 іс қарастырылды, нәтижесінде сот арқылы 600-ден астамы ата-ана құқығынан айырылса, қалған 340 адамның құқығы шектелді. Ата-ана ретінде міндетін орындамаған 12 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды", — деп хабарлады Полиция өкілі.

Жалпы соңғы бір апта ішінде 2541 қылмыс жасалды, оның 1619-ы бір тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері ізін суытпай 12 кісі өлтіруді, өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана зиян келтіру бойынша 6 істі, 28 тонау, 2 қарақшылық және 284 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу