Биыл елімізде 600 шақырымнан астам тас жол пайдалануға беріледі. 4 мың шақырым автокөлік жолына жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланған. Бұл бағытта республикалық қазынадан 356 млрд теңге бөлініпті.
Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР ұлттық экономика министрлігінің департамент директоры Ержан Қазанбаев мәлімдеді, деп хабарлайды atpress.kz.
"Сондай-ақ, логистикалық инфрақұрылымды дамыту үшін Ұлттық қордан 95 миллиард теңге қарастырылған. Ол "Боржақты - Ерсай", "Алматы - Шу" тас жолдары мен Құрық порты паромдық өткелінің құрылысына бағытталады", - деді министрлік өкілі.
Ал инфрақұрылымдық жүйені жаңғырту аясында бюджеттен 53 млрд теңге бөлінген. Бұл биыл 2500 шақырымнан астам жүйені жаңғыртуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, жылу, сумен жабдықтау және су тарту жүйелерінің тозуы 2020 жылға қарай 67 пайыздан 53 пайызға дейін азаяды деп күтілуде.
Сонымен қатар, Ержан Қазанбаев 2018 жылға қарай үш ауысымдық оқытуды жою, апатты мектептерді азайту және балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту үшін 110 білім беру нысанының құрылысы (91 мектеп, 19 балабақша) басталатынын атап өтті.