Биыл 70 мың адам баспанамен қамтамасыз етілмек

708

2022 жылы 70 мың қазақстандықты жалға берілетін баспанамен қамтамасыз ету жоспарда бар. Бұл туралы ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Нәлібаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Биыл 70 мың адам баспанамен қамтамасыз етілмек

Оның айтуынша, биыл Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың жекелеген санаттарын баспанамен қамтамасыз ету үшін тиісті тапсырма берді.

"2022 жылғы 18 сәуірде "Отбасы банкі" АҚ ақпарат жүйесін іске қосты. Ондағы мақсат – Президент тапсырмасын орындау. Мұнда мемлекет жеке тұрғын үй қорынан жалға берілетін пәтерлердің жалдау ақысын 50%-ды субсидиялайды, қалған 50%-ы пәтерді жалға алған адам төлейді. Бүгінде бұл бағытта нормативтік-құқықтық актілер бекітілген. Бюджетті нақтылау барысында тиісті қаражат көлемі толық қаралды", – деді басшы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Әзімбек Нәлібаев бұл жалға берілетін үйлер көпбалалы отбасылар, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі балаларды асырап отырған отбасыларға берілетінін атап өтті.

"Биыл жалпы бұл субсидиялау тетігімен 70 мың адамды баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр", – деді комитет төрағасының орынбасары.

"Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова жалға берілетін үйлерге өтініш қабылдау басталғанын жеткізді.

"2022 жылғы 18 сәуірден бастап жалға алу ақысын субсидиялау бағдарламасына қатыса алатын 70 мың үміткердің 61 мыңына "Отбасы банкі" SMS-шақырту жіберді. Өтініштер банк порталындағы "Жалға алу ақысын субсидиялау" бөлімінде жолданады", – деді басқарма төрайымы.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу