Құжатты 95 депутат бірауыздан қолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Мемлекет басшысының жолдауындағы тапсырманы орындау үшін аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлау бойынша заң жобасы әзірленгенін мәлімдеп, құжат бойынша "Сайлау туралы" Конституциялық заңға өзгеріс енгізілетінін айтты.
Министрдің мәлімдеуінше, елімізде 2345 әкімшілік-аумақтық бірлік бар. Биыл 836 әкім тікелей дауыс беру арқылы сайланады.
"ҚР мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес, біліктілік талабына сай келген және 25 жасқа толған еліміздің кез келген азаматы сайлана алады. Саяси партия мүшелері және сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1%-ның қолын жинаған кандидаттарға сайлауға түсу мүкіндігі беріледі. Аудан әкімінің, егер кандидат болмаған не біреуі ғана ұсынылған жағдайда, екі не бір кандидат ұсыну құқығы бар", – деді Әсет Ерғалиев.
Оның айтуынша, заң бойынша барлық кандидаттар ең төменгі жалақы мөлшерінде сайлау жарнасын енгізеді.
"Сайлау 40 күн бұрын жарияланады, сайлаудың іс басындағы әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғаннан 10 күн бұрын өтеді. Сайлау өткізілгеннен кейін 3 күн ішінде қорытынды шығарылады. Өз кезегінде сайланған әкім жүргізіп жатқан жұмысы үшін халыққа есеп береді", – деді Әсет Ерғалиев.
Қанат Махамбет