Биыл Ақтөбе облысында 1 млн шаршы метр тұрғын үй салынады

933

Аймақта инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуға 11,1 млрд теңге бөлінбек. Бұл туралы облыс әкімі Оңдасын Оразалин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

Биыл Ақтөбе облысында 1 млн шаршы метр тұрғын үй салынады

"Биылғы жылдың бес айы ішінде облыста 270 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл дегеніңіз 1100-ден астам пәтер. Жыл соңына дейін кемінде 1 млн шаршы метр тұрғын үйді - 7 200-ден астам пәтерді пайдалануға беру жоспарлап отыр. Осы жылы халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамтамасыз етуге 5,6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді", – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында 824 шақырымдық инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды, яғни газ, су, электр және кәріз желілерін салуға 11,1 млрд теңге бөлінеді. 

Бұған қоса өңірде үйлерді жаңарту жұмыстары жүргізілуде - жыл соңына дейін 28 жобаны іске асыруға 1 млрд теңге қарастырылған.

Сондай-ақ, тұрғын үйді жаңғырту жұмыстары  демеушілік қаражатпен де жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, ағымдағы жылы Ақтөбе облысының әкімдігі мен ERG корпорациясы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында жалпы сомасы 540 млн теңгеге 32 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

"Маңызды мәселелердің бірі болып әрқашан әлеуметтік нысандардың құрылысы қала береді. Халықты сапалы медициналық қызметтермен толықтай қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылы жалпы құны 900 млн теңгеден асатын 8 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған. Үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешу үшін 4800 балаға арналған 15 білім беру нысаны салынып жатыр, оның ішінде 10 нысанды жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Нәтижесінде бес үш ауысымды, алты жетіспейтін, бір апатты және үш ескі мектептің  мәселесі шешіледі ", – деді спикер.

Сондай-ақ, облыста спорт нысандарының құрылысы да жалғасуда. Жыл басынан бері роллерлік шаңғы трассасы, триатлон паркі және екі спорттық-сауықтыру орталығы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін облыстың тағы үш  ауданында спорттық-сауықтыру кешендерін пайдалануға беру жоспарлануда.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу