2017 жылы Ақтөбе облысында 650 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл туралы Ақтөбе облысының сәулет, құрылыс және қала құрылысы басқармасының басшысы Серік Төленбергенов "Ақтөбе ақпарат" ақпарат орталығындағы баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды strategy2050.kz.
2017 жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында барлық қаржы көзінің есебінен, кем дегенде, 650 мың шаршы метр тұрғын үйді немесе 6000 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның ішінде "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында жергілікті қаражат есебінен халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған бөлігі үшін жалдамалы тұрғын үй және жергілікті атқарушы биліктің кезекте тұрған өкілдері үшін жалдамалы баспана салу жоспарда бар.
Аймақта жеке тұрғын үй салу үшін жер теліміне кезекте тұрғандар саны 130 мыңнан асатынын ескерсек, өңір үшін басым бағыттардың бірі – жеке тұрғын үй құрылысын дамыту.
"Ол үшін барлық қажетті жағдай бар. Өңірдегі құрылыс индустриясының әлеуеті әлдеқайда жоғары. Тұрғын үй құрылысы үшін, соның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін қажет негізгі материалдар мен өнімдер облыстағы кәсіпорындарда салынады. Инертті материалдар қоры да жеткілікті. 2016 жылы құрылыстың құны мен мерзімін төмендетуге мүмкіндік беретін үй құрылысы комбинаты пайдалануға берілген болатын. ҮҚК технологиялары "Нұрлы жер" бағдарламасы аясындағы жеке тұрғын үй құрылысына бағытталған пилоттық жобада қолданылмақ", – дейді Серік Төленбергенов.
Оның айтуынша, пилоттық жобаның бірінші кезеңінде "Нұр Ақтөбе" тұрғын үй алабында 423 аз қабатты несиелік тұрғын үй салынады. Бұған қоса 2018-2020 жылдары жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру мақсатында 1819 аз қабатты несиелік тұрғын үй салу жоспарда бар.
Айта кетейік, аудандарда салынатын тұрғын үй құрылысының инженерлік байланыс инфрақұрылымына 7,5 млрд теңге қарастырылған. Бұл 270,4 шақырым электр, газ, сумен жабдықтау және кәріз жүйесін салуға мүмкіндік береді.