2018 жыл Ақтөбе облысында Бала жылы деп жарияланып, оның шеңберінде "Бақытты бала" ауқымды жобасы іске асырылды, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
"Жоба Президенттің "Рухани жаңғыру" бағдарламасында жинақталған тапсырмаларына негізделген. Көптеген маңызды әлеуметтік бастамалар жүзеге асырылды. Басты мақсат - балаларға, олардың интеллектуалды, физикалық, рухани және адамгершілік дамуына жағдай жасау. Келесі жылы жоба Елбасы жариялаған "Жастар жылының" аясында жалғасады", - деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Жобаны жүзеге асыруға 4 млрд теңге бөлінді. Бұдан басқа демеушілік көмектер тартылды. Нәтижесінде, азғана уақытта Ақтөбе облысында еліміздегі алғашқы жыл бойы "Күншуақ" сауықтыру инклюзивті лагері, бюджеттен тыс қаражатқа аутизммен ауыратын балаларға арналған орталық, түзету балабақшасы, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығы, жыл бойы "Әсем" оқу-танымдық орталығы ашылды.
Бұдан басқа, 36 мектепке дейінгі ұйым, 177 спорттық және ойын алаңдары, хоккей корты, жазғы аквапарк, мұз айдыны, теннис орталығы пайдалануға беріліп, жеңіл атлетикалық манеждің құрылысы жалғасуда.
25 IT-класс ашылып, мектептер 24 3D-принтермен, 27 робот техникасының жиынтығымен, 28 эксклюзивті фокус-проектормен жабдықталды.
Облыстың 120 мың оқушысы жазғы демалыспен қамтылды, оның ішінде 17 мың бала Қазақстанның киелі және көрікті жерлеріне туристік сапарларға шығып, 11 мыңнан астам дарынды бала Ресей, Татарстан, Қытай, АҚШ және Малайзия елдеріндегі ең жақсы жазғы демалыс және білім беру лагерьлерінде болды.
Жобаның басты мақсаты жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға толық қолдау көрсету болды. Нәтижесінде жыл басынан бері кәсіпорындар мен мемлекеттік органдар балалардың ҚТҚЖБ-дағы жинақ есепшоттарын 80 млн теңгеге толықтырды. 81 жетім балаға жаңа пәтерлер мен үйлердің кілттері табысталды.