Биыл Алматы облысында 170 адам жол апатынан көз жұмған

734

Алматы облысының аумағында республикалық "Қауіпсіз жол" жедел алдын алу іс-шарасы басталды.

Биыл Алматы облысында 170 адам жол апатынан көз жұмған

Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, Алматы облысында жыл басынан бері 900 астам жол-көлік апаты орын алып, 170 адам көз жұмған, ал 1300 астам адам әртүрлі дене жарақатын алған.

Жол сақшыларының айтуынша, көлік апаттарының басты себептерінің бірі – жүргізушілердің жылдамдық тәртібін сақтамауы мен қозғалыстың қарсы бағытына шығып кетуі болып отыр.

"Биылғы бес ай ішінде жылдамдық режимін бұзған жүргізушілерге 9646 хаттама толтырылса, қарсы бағытқа шыққан "темір тұлпар" тізгіндеген 105 азамат жауапкершілікке тартылған", – деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Полицейлер жыл басынан бері жол жүру ережесін құнттамайтын және оны өрескел бұзған 6046 жаяу жүргіншіге хаттама толтырып, айыппұл салған.

"Арнайы іс-шара барысында қоғамдық көлік жүргізушілері, әсіресе такси жүргізушілері тарапынан бұзылатын ережелерді анықтау және оларды болдырмауға бағытталған шаралар ұйымдастырылды. Іс-шараға өзге де көлік ұйымдарының өкілдері жұмылдырылды. Әсіресе, алкогольдік немесе есірткілік мас күйде көлік тізгіндеген жүргізушілерді анықтауға ерекше көңіл бөлінеді", – деп атап өтті полиция өкілдері.

Ресми ақпаратқа сәйкес, Алматы облысында 877 көлік жүргізушісі ішімдік ішіп немесе есірткі қабылдап, көлік басқарғаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылған.

Ведомство таратқан ақпарға сәйкес, "Қауіпсіз жол" іс-шарасы 22 маусымға дейін жалғасатын болады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу