Биыл "Алматы жастары" бағдарламасы бойынша 1000-ға жуық адам баспаналы болады

645

Жобаға қатысуға өтінімдерді қабылдау 18 мамырда басталып, 1 маусымға дейін жалғасады. 

Биыл "Алматы жастары" бағдарламасы бойынша 1000-ға жуық адам баспаналы болады

Тұрғын үй бағдарламасының әлеуетті қатысушылары almaty-zhastary.kz сайтында онлайн өтініш бере алады. Ол үшін оларға ЭЦҚ қажет, деп жазды inbusiness.kz "Отбасы банк" АҚ-ға сілтеме жасап. 

Алматы әкімдігі мен Отбасы банкінің бірлескен жобасына 35 жасқа дейінгі алматылықтар қатыса алады. 

Жобаға мемлекеттік республикалық және қалалық ұйымдарда жұмыс істейтін азаматтардың келесі санаттары қатыса алады:
- дәрігерлер мен медбикелер;
- мұғалімдер мен тәрбиешілер;
- суретшілер, жазушылар, мәдениет қызметкерлері;
- жаттықтырушылар мен спортшылар;
- университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері;
- әлеуметтік қызметкерлер;
- өндірістік қызметпен айналысатын журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарының (мемлекеттік және коммерциялық) қызметкерлері.
- құқық қорғау органдарының қызметкерлері.

Үміткерлердің ресми жұмыс өтілі Алматы қаласында соңғы жарты жылдан кем болмауы тиіс. Мәдениет саласының өзін-өзі жұмыспен қамтыған өкілдері үшін кемінде бір жылдық Алматы қаласында тіркелген, жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлігі болуы қажет.

Сондай-ақ бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлікі болмауы тиіс.

Еске сала кетсек, "Алматы жастары" бағдарламасы бес жыл бұрын басталып, қазіргі таңда жас алматылықтар арасында өте танымал. Осы уақыт аралығында 2 260 жас 32 млрд теңгеге баспанамен қамтылды. 

“Биыл бағдарламаны жүзеге асыруға қалалық бюджеттен 15 млрд, Отбасы банкінен 3 млрд теңге, жалпы көлемі 18 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат 1000 алматылық тұрғынның баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді", – деп түсіндірді "Отбасы банк" АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

almaty-zhastary.kz сайтында өтініштерді қабылдау аяқталғаннан кейін Алматы қаласы тұрғын үй саясаты басқармасы өтініш берушілердің тізімдерін, олар қоса берген құжаттардың түпнұсқалығын тексеріп, жиналған ұпайлары бойынша қатысушыларды іріктейді. Ұпай санына некеге тұрған жылдары, балаларының болуы, санат бойынша үздіксіз жұмыс тәжірибесінің кезеңі, халықтың әлеуметтік осал топтарына жатуы әсер ететін болады.

Үміткер тізімі құрылғаннан кейін олар Отбасы банкіне төлем қабілеттілігін растау үшін жолдама алады. Банк баспана іздеуге оң шешім қабылданған күннен бастап 45 күн уақыт береді. Пәтерді Алматы қаласындағы алғашқы немесе екінші нарықтардан, сондай-ақ "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" АҚ кепілдігі бар нысандардан сатып алуға болады.

Несиені 25 жылға дейін алуға болады. Алғашқы жарна кемінде 10%-ға тең болуы тиіс, несие бойынша пайыздық мөлшерлеме – жылдық 5% (ЖТСМ 5,2%). Несиенің ең жоғары сомасы 18 млн теңге . Айта кететіні, егер мүлік 18 млн теңгеден асса, өтініш беруші айырмашылықты өз қаражаты есебінен төлей алады. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу