Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қалалық онкологиялық орталық директоры Нұрсұлтан Ізбағамбетов жыл сайын әрбір бесінші науқас Алматыға сапалы медициналық қызмет алу үшін Қазақстанның басқа өңірінен келетінін айтты.
Онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім бойынша бірінші орында – сүт безі обыры (14,7%, 533 жағдай), екінші – колоректальді қатерлі ісігі (9,3%, 337 жағдай), үшінші – өкпе қатерлі ісігі (7,5%, 273 жағдай), төртінші – асқазан қатерлі ісігі (5,1%, 186 жағдай) тұр.
Спикер атап өтетін жайт, онкологиялық науқастар саны жыл сайын көбейгенмен, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша өлім көрсеткіші төмендеген.
"Бұл Алматы қаласындағы онкологияға шалдыққан науқастардың емдеумен толық қамтылуымен және қала емханаларында ауруды ерте анықтау мақсатында диагностиканың артуымен байланысты. Қатерлі ісіктерді ерте диагностикалау 36,3%-ға дейін өскен", – деді орталық басшысы.
2022 жылдың 9 айында онкологиялық ауруды ерте анықтау бойынша скринингтік жоспардың орындалуы 86,7%-ды құрады, 137 қатерлі ісік дерті анықталды. Нұрсұлтан Ізбағамбетов скринг арқылы тексерілу маңыздылығына тоқталды.
"Уақытылы диагностикадан өту қатерлі ісік ауруын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді, соның арқасында біздің де адамды кейбір жағдайларда толық емдеуге мүмкіндігіміз жоғары. Науқастың өмір сүру сапасы біз оны ауыр ем жасалатын химиятерапия және радикалды операциялар қолданылатын үшінші немесе төртінші кезеңде емдей бастағанымыздан гөрі ертерек бастау бірнеше есе жақсырақ болады. Ісік әлі ұлғаймай тұрып онымен күресу науқас үшін оның одан кейінгі өміріне жеңіл әрі тиімдірек болады", – деп атап өтті маман.
Тиімділігі дәлелденген қатерлі ісік скринингінің әдістері: 2 жылда бір рет 40-70 жастағы әйелдерде сүт безі обырының маммографиялық скринингі; 4 жылда бір рет 30-70 жас аралығындағы әйелдерде ісік алды және жатыр мойны обырына цитологиялық скрининг жүргізу; 2 жылда 1 рет 50-70 жас аралығында қан анализі, колоноскопия арқылы тоқ ішектің және тік ішектің қатерлі ісігіне және ісік алды ауруларына скринингтен өту маңызды.