Биыл Алматыда апаттық жағдайдағы 10 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілмек

722

Оның ішінде Зерделі ықшамауданындағы қисайып, апаттық деп танылған үйлер бар.

Биыл Алматыда апаттық жағдайдағы 10 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілмек

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тұрғындармен есептік кездесуі барысында Алатау ауданының тұрғыны Зерделі ықшамауданындағы апаттық үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесін көтерді, деп хабарлады inbusiness.kz тілшісі. 

 Қала әкімі бұл мәселені жіті назарға алғанын, биылғы жылы апаттық жағдайдағы 10 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отырғанын жеткізді.  
 
"Мен бұл мәселе бойынша өздеріңізбен жиі кездесу өткізген едім. Өткен екі-үш апта бұрын тағы барып қайтқан болатынмын. Жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылауға алдым. Биылғы жылдың соңына дейін 10 үйді қалыпқа келтіреміз. Қалған үйлерді жөндеу жұмыстары келесі жылы аяқталады", - деді Бақытжан Сағынтаев. 

Сонымен қатар, шаһар басшысы жөндеу жұмыстарының барысы міндетті түрде тұрғындардың өтінішіне сәйкес, ұсыныстарын назарға ала отырып жүргізілетінін ескертті.

"Бүгінгі күні берілген қорытындыға сәйкес №1/180, 1/160, 1/161, 1/165 үйлердің  іргетасын нығайту бойынша жұмыстар жүргізілді. Ал №1/167, 1/168 үйлер бойынша жұмыстар қолға алынды. Тұрғын үйлердің іргетастарының негізін нығайту жөніндегі жұмыстар аяқталған соң қасбеттер сырланады және тұрғын үйлердің кіреберістері жөнделеді", - деді шаһар басшысы. 

Зерделі ауданында 2016 жылдан бері барлығы 13 тұрғын үйдің іргетасы нығайтылған, 17 үй бойынша мамандар арнайы ұсыныстар жасады. 2021-2022 жылдары нығайту жұмыстары соған сәйкес жүргізілмек болады.

Еске сала кетсек, Зерделі ықшамауданындағы үйлер 2019 жылы қисая бастаған. Аталған нысан бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу