Биыл Алматыда мәдениет ғимараттары жөндеуден өтеді – министр

542

Мәдениет және спорт министрі Алматы қаласы және Түркістан облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша жиын өткізді.

Биыл Алматыда мәдениет ғимараттары жөндеуден өтеді – министр Фото: facebook.com

Жиында театрларды қаржыландыру және мәдениет ғимараттарын жөндеуге қаражат бөлу мәселесін пысықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Жасыратыны жоқ, қордаланған мәселелер бар. Оны жүйелі түрде шешуіміз керек. Кездесуде мәдениет ғимараттарын жөндеуден өткізу мәселесі көтерілді. 

Бірнеше жыл бұрын театрлардың біріне шетелден қонақтар келіпті. Дәл сол сәтте шатырдың бір бөлігі опырылып түскен. Ал актерлерге қонақтардың алдында бұл осылай ойластырылғандай ойын көрсетуге тура келген. Бұл туралы кездесуде театр өнерінің өкілдері айтып берді. Олар өздерінің жанайқайын, сабырлы қалыппен және парасатты түрде жеткізді. Мен осы тұрғыда зиялы қауымға ерекше риза болдым", деді А.Оралов.

Сондай-ақ, министр жұмыс сапары кезінде көтерілген барлық мәселелер бақылауға алынғанын атап өтті.

"Алматыға жұмыс сапарының қорытындысы бойынша биыл музыкалық аспаптар сатып алуға, педагогтерге қосымша төлемдерге және балаларды тегін тамақтандыруға Республикалық эстрада-цирк колледжіне қосымша 68 млн теңге, Күләш Байсейітова атындағы республикалық мамандандырылған музыка мектеп-интернатына 258 млн теңге, Ахмет Жұбанов атындағы қазақ мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернатына 161 млн теңге бөлінетін болды", деді ведомство басшысы.

Бұдан бөлек Түркістан облысының шалғай ауданындағы (Жетісай) Құрманбек Жандарбеков атындағы драма театрына қаржыландыру көлемі ұлғайғанын, ал шығармашылық ұжым гастрольдік сапарларға шығатынын жеткізді.

"Өңірлер бойынша жұмыс сапарлары алдағы уақытта да жалғасатынын атап өткім келеді", деді министр.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу