Биыл Астанада 11 зауыт пен цех ашылады

717

Нәтижесінде 500-ден астам жұмыс орны құрылады.

Биыл Астанада 11 зауыт пен цех ашылады Фото: inform.kz

Республика бойынша алғаш ағаштан жасалған тақта бұйымдарын шығаратын жоба іске қосылады, деп хабарлайды inbusiness.kz "Astana Invest" қалалық инвестиция дамыту орталығы" басқарма төрағасының орынбасары Арсен Мендіғазиев баяндамасына сілтеме жасап.

2023 жылы қаңтар-наурыз аралығында  Астанада өнеркәсіптік өнім көлемі 473 млрд теңгені құрады, оның ішінде өндеу өнеркәсібінің үлесі 410,1 млрд теңге болды. Физикалық көлемнің индексі -100,4%. Жалпы қаланың өндірістік өнеркәсібі негізінен өндеу өнеркәсібі нысандарынан тұрады, олардың үлесі – 86,7%. Негізгі салаларға металлургия, көлік жасау, металдар қатарына кірмейтін өнімдер өндірісі, сусындар, резеңке мен пластмасса өндірісі, сонымен қатар азық-түлік жатады. 

Астана қаласының өндіріс өнеркәсіптері негізінен №1 Индустриялық аймақ пен "Өндіріс" ауылында шоғырланған. Өткен жылдың соңғы 9 айында өндеу өнеркәсібінің қалалық ЖІӨ-дегі үлесі 6%-ды құрады. Қала әкімдігі 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 10%-ға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. 

Қазір елордада екі арнайы экономикалық аймақ – "Астана – жаңа қала", "Астана -технополис" жұмыс істейді. 

Өндеу өнеркәсіптерінің басым бөлігі жоғарыда айтылған №1 Индустриялық паркке кіретін "Астана-жаңа қала" арнайы экономикалық аймақта орналасқан. Индустриялы аймақта жалпы құны 247 млрд теңге болатын барлығы 51 нысан пайдалануға берілді, нәтижесінде 5800 жұмыс орындары құрылды. 

"Астана-жаңа қала" экономикалық аймағындағы өндірілетін өнім көлемі 5,2 млрд теңгені, эскпорт көлемі 106 млрд теңгені, олардан түскен салық 186 млрд теңгені құрады. Осы өндіріс орындарынан шығатын өнімдердің басым көпшілігі көлік жасау саласына қатысты дүниелер: электртасығыш, локоматив, қозғалтқыштар, бронды техника, коммуналды техникалар, лифттер мен вагондар. Металлургия саласында алтын өндіріледі. Сонымен қатар құралыс саласына қажетті тауарлар жасалады.

"Жоспар бойынша 73 млрд теңгеден астам сомаға тағы 49 жоба алдағы екі-үш жылда іске қосылуы тиіс. Қазірдің өзінде бұл жобаларға 13,9 млрд теңге құйылып, 2574 жұмыс орны құрылды. Ал биыл осылардың ішіндегі жалпы құны 16 млрд теңге болатын 11 жоба пайдалануға беріледі, сол арқылы біз 500-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз ете аламыз", - деді Арсен Мендіғазиев.

Іске қосылатын жобалар қатарында жабық жоғары вольтты вакуумдық ажыратқыш өндірісі, республикадағы ағаштан жасалған тақта бұйымдарын шығаратын бірінші цехтың, элеватор шығаратын цехтың құрылысы және т.б. бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу