Биыл Астанада қанша көше жөнделеді?

413

Биыл бас шаһарда жалпы ұзындығы 54 км-ден асатын 70-тен астам көше жөнделеді.  

Биыл Астанада қанша көше жөнделеді? Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жөндеу жұмысы жүріп жатқан көшелер туралы мәлім етті, деп хабарлайды Inbusiness.kz қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

"Қалада жол жұмысы жүріп жатыр. Биыл жалпы ұзындығы 54 км-ден асатын 70-тен астам көшені жөндеуді жоспарлап отырмыз. Олардың бір бөлігі қаланың елді мекендерінде болмақ. Сондай-ақ, аялдама бұрылыстарын, пандустарды, тротуарларды, әлеуметтік нысандарға кірме жолдарды және т.б. жабдықтаймыз.

Бірқатар көшенің құрылыс барысымен таныстым. Олар: Тілендиев даңғылы мен Болашақ көшесі арасындағы Кенжин көшесі; Бөгенбай батыр даңғылынан Кенесары көшесіне дейінгі Жеңіс даңғылы, Ұлы дала даңғылынан Бұқар Жырау көшесіне дейінгі Еңбекшілер көшесінің құрылысы; Мәңгілік Ел даңғылынан Қайсенов көшесіне дейінгі Рысқұлов көшесі, Тілендиев даңғылы мен Бейсеков көшесі арасындағы екі деңгейлі көлік айрығы", деп жазды елорда әкімі.

Сондай-ақ, жаңадан салынып жатқан аудандарға инженерлік инфрақұрылымы мен үйлердің құрылысы біткеннен кейін ғана негізгі жолдары салынатынын атап өтті. Оған дейін уақытша төсеммен қамтамасыз етіледі.

"Сонымен қатар, биыл Есіл өзені арқылы Тәуелсіздік даңғылына өтетін көпірді ашамыз. Бұл көпір жолдардағы көлік нөпірін едәуір азайтуға мүмкіндік береді: Тәуелсіздік даңғылы, жаңа теміржол вокзалы ауданы, Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов көшесі, Әзірет Сұлтан мешіті ауданы, Байтұрсынов көшесі, Қордай, Айнакөл, Момышұлы даңғылы мен сол жағалау арасында қосымша байланысты қамтамасыз етеді.

Қаладағы климаттық жағдайларды ескерер болсақ, жол жұмысының маусымы қысқа. Жолдарды сапалы етіп салуды міндеттедім. Біз сапасыз орындалған жұмыстарды қабылдамаймыз, мұндай жағдайда мердігер өз есебінен қайта жөндейтін болады", деді Жеңіс Қасымбек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу