Биыл Астанадағы 77 стоматологиялық клиника МӘМС бойынша қызмет көрсетеді

408

Бұл туралы "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалы мәлім етті.  

Биыл Астанадағы 77 стоматологиялық клиника МӘМС бойынша қызмет көрсетеді Фото: Астана қаласының әкімдігі

2023 жылы елордада МӘМС аясында 2,2 млрд теңгеге 600 мыңнан аса стоматологиялық қызмет көрсетілді. Биыл Астана қаласы бойынша 77 стоматологиялық клиника Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшартқа отырды.

Қазіргі уақытта стоматологиялық қызмет алу үшін учаскелік дәрігердің жолдамасы қажеті емес.

Медициналық сақтандыру жүйесі стоматологиялық клиниканы пациенттің өзі таңдауына мүмкіндік беріп отыр. Тек сіз таңдаған тіс емханасы ӘМСҚ-пен келісімшартқа отырған болуы тиіс. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Астана қаласы бойынша филиалының 2024 жылға келісімшартқа отырған медициналық қызмет жеткізушілерінің арасында 77 клиника стоматологиялық қызмет көрсетеді. Олардың тізімін мына сілтеме арқылы көруге болады.

"Өкінішке қарай азаматтар кей жағдайда өз құқықтарын білмей жатады. Ал пациенттердің стоматологиялық клиниканы таңдау құқығын барлық емханалар бірдей сақтай бермейді. МӘМС бойынша қолжетімді болуы тиіс стоматологиялық қызметтер толық көрсетілмейді.

Сондықтан біз пациент құқығын қорғау мақсатында барлық клиникалармен жан-жақты жұмыс істеп жатырмыз", - деді "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Ербол Бекмұхамбетов.

Дәрігерлердің сөзінше, балалардың тісін 2 жастан бастап күту керек. Аурудың алдын алу мақсатында емханада тіске ремтерапия жасатуға, яғни тісті минералды лакпен қаптатуға болады.

"2 баламның тістерін емдетіп жүргеніме біраз уақыт болды. МӘМС бойынша тегін емдетіп жатырмын. Бұл көп балалы аналарға үлкен көмек" - деді қала тұрғыны Маржан.

Бұл ретте тағы бір елорда тұрғыны Милана:

"Мен жүктілігіме байланысты жоспарлы түрде стоматологтың қабылдауында болдым.

Маған қай тісімді емдеу керектігін, тісімді МӘМС бойынша ақысыз емдеуге болатынын түсіндіріп берді", - деді ризашылығын білдіріп.

Мамандар МӘМС жүйесі бойынша қандай стоматологиялық көмек алу керектігі жөнінде кеңес береді. Қажет болған жағдайда мәселені шешуге медициналық ұйымның сарапшыларын жұмылдырады.

"Медициналық сақтандыру қорымен келісімшарты бар стоматологиялық клиникалар пациенттерді МӘМС аясында қабылдайды. 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге жоспарлы түрде стоматологиялық көмек көрсетеді. Ал тіс аяқ асты қатты ауырған жағдайда тұрғындардың атаулы 10 санаты бойынша шұғыл стоматологиялық көмекті тегін алады" - деді стоматолог-терапевт Сәния Қартай.

Естеріңізге салсақ, МӘМС бойынша жоспарлы стоматологиялық көмекті 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер ала алады. Ал төменде көрсетілген азаматтар санаты шұғыл стоматологиялық көмек ала алады:

  • 18 жасқа дейінгі балалар;
  • жүкті әйелдер;
  • ҰОС қатысушылары және оларға теңестірілген тұлғалар;
  • I, II, III топтағы мүгедектер;
  • "Алтын алқа" және "Күміс алқа" иегерлері, яғни көп балалы аналар;
  • атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
  • жасы бойынша зейнетке шыққандар;
  • жұқпалы және әлеуметтік маңызы бар, айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастар;
  • мүмкіндігі шектеулі балаға күтім жасайтын, жұмыс істемейтін тұлғалар;
  • бала кезінен I топтағы мүгедекке күтім жасайтын, жұмыс істемейтін тұлғалар.

Жоспарлы стоматологиялық көмек түрлері:

  • рентген;
  • ауырсынуды басу;
  • қаңғұрттың барлық түрін емдеу, қатайтылған композиттік материалдардан жасалған пломбаны дайындау және салу;
  • хирургиялық емдеу, тіс жұлу, абсцессті ашу, периостотомия, т.б.

Бұдан бөлек, жақ-бет аймағында туа бітті патологиясы бар балаларға арнайы ортодонтиялық пластина орнату бойынша стоматологиялық қызмет тегін көрсетіледі.

Ал шұғыл стоматологиялық көмек түрлеріне қатты ауырған кезде тіс жұлу, абсцессті ашу, периостотомия, т.б. жатады.

Егер қандайда бір сұрақтар туындаса, Медициналық сақтандыру қорына төменде көрсетілген кері байланыстың ресми арналары арқылы хабарласуға болады:

  • Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы;
  • @saqtandyrybot телеграмботы;
  • 1414 бірыңғай байланыс орталығы;
  • Қордың fms.kz сайты.
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу