Биыл Атырауда 10 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр

648

Теңіздегі Келешек кеңею жобасындағы құрылыс-монтаждау жұмыстарының басым бөлігінің аяқталуына байланысты бүгінде 5 265 адам жұмыстан босатылды. Оның ішінде 2 095-і Атырау облысының тұрғындары.

Биыл Атырауда 10 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр

Еске салсақ, бұған дейін Теңіз кен орнынан жыл соңына дейін 39 мың адамның жұмыстан босатылатыны туралы хабарланған.

Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Гүлболат Аманғалиеваның айтуынша, 5 265 адамның ішінде 1 167 адам Батыс-Қазақстан, 505-і Ақтөбе, 513-і Түркістан, 259-ы Маңғыстау, 167-і Қызылорда, 208-і Жамбыл, 125-і Алматы, 18-і Қарағанды, 24-і Қостанай, 22-і Ақмола, 19-ы Шығыс Қазақстан, 14-і Павлодар, бесеуі Солтүстік Қазақстан облыстарынан және 111-і Шымкент, 13-і Нұр-Сұлтан қалаларынан.

"Еңбек және Энергетика министірліктері мен Атырау облысы әкімдігі және ТШО-мен бекітілген жол картасы бойынша жоспарланған шаралар іске асырылып келеді. Жобадан босатылған 2 095 адамның ішінен Жұмыспен қамту орталықтарына 671-і хабарласты. Соның ішінде 321-і жұмыспен қамтылып, біреуі әлеуметтік жұмысқа орналасты. Бесеуі жеке кәсіпкерлігімен айналысып, 565-і әлеуметтік төлем алды. Ал біреуі зейнеткерлікке шықты", – дейді Гүлболат Аманғалиева.

Оның айтуынша, облыс әкімдігі ТШО мекемесінің басшылығымен ай сайын жиналыстар өткізіп, жобадан босатылатын мамандарды жұмыспен қамту мәселесі талқыланады. Жұмыстан босатылған адамдардың тізімі барлық өңірлерге жолданылып, әр маманмен жұмысқа орналастыру шаралары жүргізіліп, Электрондық еңбек биржасына мәліметтер енгізіліп жатыр.

Бүгінде Атырау облысы бойынша "Теңізшевройл" ЖШС-нің жобадан босатылатын қызметкерлерді жұмыспен қамту іс-шаралар жоспары жасақталып, бекітілген. Аталған жоспар негізінде биыл  ұлттық жобаларды іске асыру аясында 10 654 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар 2022-2023 жылдары облыста жүзеге асырылатын ірі инвестициялық жобаларды іске асыру аясында шамамен 9 мыңға жуық қазақстандық кадр жұмыспен қамтылады. Мәселен, 2022 жылы – 4,4 мың адам, 2023 жылы 4,6 мың адам жұмысқа орналастырыолмақ.

Атап айтсақ, Қашаған кен орнында газды қайта өңдеу зауытының құрылысынд 2 000 адам жұмыс істейді. Құрылыс 2021 жылы басталып, 2023 жылы аяқталады. Оның ішінде 1 500 адам Атырау облысының тұрғындары.

Келесі жұмыс орны – Құрылысы 2022-2025 жылдары аралығында жүретін Бутадиен өндіру жобасы. Құрылыс кезінде жобада 2 000 адам, іске қосылған уақытта 440 адам жұмыс істейді деп жоспарланып отыр. Оның ішінде 1 400 адам Атырау облысынан. Содан соң полиэтилентерефталата және тазартылған терефтал қышқылы өндірісі жобалары (2022-2025 жылдары). Жобада 500 адам жұмыс істесе, оның 400-і Атырау облысының тұрғындары. Келесі жоспар бойынша биыл, "NCOC"  компаниясының Қашаған жобасында күрделі жөндеу жұмыстары кезінде биыл 1 800 адам жұмысқа орналастырылмақ. Оның ішінде 1 100 адам Атырау облысынан.

Айнұр Сапарова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу