Биыл Балқашқа 13,5 текше шақырым су жіберілген

Көлдің су ағыны өткен жылға қарағанда 17%-ға көп. 

Биыл Балқашқа 13,5 текше шақырым су жіберілген Фото: gov.kz

Келіссөздер нәтижесінде Балқаштың орташа деңгейі Балтық жүйесімен 341,60 метрге жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Судың Іле өзені арқылы Қапшағай қоймасынан жіберілгені белгілі. Себебі, Балқаш көлінің 70%-ға жуық суы трансшекаралық Іле өзені арқылы толады. Осы жылы Қытаймен шекара жанындағы Добын гидробекеті бойынша орташа су ағыны секундына 384 текше метрді құрап отыр. Бұл былтырғыға қарағанда 17%-ға көп. Яғни, Балқаш көліне жыл басынан бері 13,5 текше шақырым су жіберілген. 

– Біз жыл басынан бері Қытай, Ресей және Орталық Азия мемлекеттерімен трансшекаралық өзендер бойынша 28 отырыс өткіздік. Келіссөздер нәтижесінде биыл Қапшағай су қоймасы соңғы 10 жылда алғаш рет 18 млрд текше метрден артық су жинап, 100%-ға толды, – деді Су ресурстары министрі Нұржан Нұржігітов.

Еске салайық, Су ресурстары және ирригация министрлігі Қазақстан мен Қытай арасындағы трансшекаралық өзендердің суын бөлу мәселесі бойынша үкіметаралық келісім жобасын әзірлеуде. Келісім мақсаты – Балқаш көлін қалыпты сақтау, су көлемінің тұрақты құюын қамтамасыз ету.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу