Биыл Баянауылда бар-жоғы бес мың адам демалды

728

Былтыр туристер саны 150 мыңнан асқан еді.

Биыл Баянауылда бар-жоғы бес мың адам демалды Фото: Валерий Бугаев

Пандемияға байланысты Баянауыл курорттық аймағындағы туристік маусым бұрынғыдай сәтті болмады. Ресми дерек бойынша, 14 тамыз бен 25 қыркүйек аралығында Жасыбай көлінің жағасындағы 29 демалыс үйінде 5500 адам демалды. Туристер санының азаюы кәсіпкерлерге кері әсерін тигізбей қоймады. Табыстан қағылған бизнес өкілдері шығынның орнын толтыруды қалаған болса керек, карантин шараларына қарамастан таяуда демалыс үйлерінде хэллоуин ұйымдастырмақ болып, дауға қалған еді.

Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімовтің айтуынша, енді кәсіпкерлер демалушыларды қысқы уақытта қарсы алып, қызмет көрсетуге дайындалып отыр. Айталық, "Мырзашоқы" тау-шаңғы базасында арқанжолмен өтіп, шана, шаңғы теуіп, уақытты пайдалы әрі қызық өткізуге әбден болады. Тек мұнда таза ауызсу жоқ. Инфрақұрылымдық желілердің толық тартылмауы туристік әлеуетті дамытуға кедергі келтірері анық. Аудан басшысының сөзіне қарағанда, бұған жергілікті билік емес, базаны сенімді басқаруға алған бизнес бас қатыруға тиіс.

"Мырзашоқы" тау-шаңғы базасы "Қаражар-Мырзашоқы" компаниясының басқаруына берілген болатын. Ендігі мәселелердің барлығын осы инвестор шешуі керек. Біз өз кезегімізде Қаражар ауылында салынып жатқан орталық су желісінен 1,7 шақырым құбыр тартуды ұсындық. Осы мақсатта "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасына қатысып, мемлекеттің қаржылай қолдауын алуға болатынын да айттық. Бірақ кәсіпкер бұл тиімді тетікті қолданбай отыр", - дейді Қанат Кәрімов.

Ал әкімдік аудан орталығынан базаға дейін апаратын автобустарды ұйымдастырумен ғана шектеледі. Қысқы туризмнің дамуы үшін қолдан келер көмек осы ғана. Болжам бойынша, Баянауылдағы туристік маусым желтоқсан айының ортасында ашылады.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу