Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Үкімет отырысында айтты, деп жазады inbusiness.kz.
Оның сөзінше, су тасқынына қарсы іс-шараларды орындамау үлкен су тасқыны салдарына әкеледі.
"Мәселен, биыл Батыс Қазақстан облысында 210 тұрғын үй, Ақтөбе облысында – 89 тұрғын үй, Қостанай облысында 44 тұрғын үй су астында қалды. Бұл ретте Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында 46 тұрғын үй тұруға жарамсыз деп танылды. Нәтижесінде Ақтөбе облысының әкімдігі 24 үй тұғызса, Батыс Қазақстан облысында 16 үй салынды. Жалпы 1,3 млрд теңге жұмсалды. Жыл сайын ықтимал қауіп пен үлкен материалдық шығынға ұшырағанша, осы қаражатты күні бұрын алдын ала ескерту үшін пайдалануға болатын еді. Жоспарлы құжаттардың орындалуына жүргізілген талдауды ескере отырып, бүгінде су басу қаупі сақталуда", - деді министр.
Ведомство басшысы Ақтөбе облысында су басқан екі елдімекеннің – Қобда, Қараталда қалпына келтіру жұмыстары тек Қараталда ғана аяқталғанын атап өтті.
Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында су басу фактілері жыл сайын арық жүйелерінің дайын болмауына байланысты тіркеледі, деп жалғастырды ол.
"Қостанай облысында жоспарланған Жол картасының 6 іс-шарасының тек үшеуі бойынша ғана жұмыс басталды. Жалпы климаттың өзгеруі бойынша әлемдік үрдісті және осы көктемде батыс өңірінде су тасқыны бір ай бұрын басталғанын ескере отырып, барлық әкімдіктер ықтимал тәуекелдерге дайын болуы қажет", - деп түйіндеді Сырым Шәріпханов.