Биыл да қантқа қарқ болмайтын сияқтымыз

167

Былтыр ішкі нарықтың қантқа деген сұранысының тек 44%-ы қамтамасыз етілді. 

Биыл да қантқа қарқ болмайтын сияқтымыз Фото: inbusiness.kz

Биыл 120 мың тоннаға жуық қант өндіру жоспарланып отыр, өткен жылдағы сұраныс 507 мың тонна болғанын ескерсек, осы жылы да тапшылық болуы мүмкін, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазіргі уақытта қант өндіру бойынша 4 зауыт жұмыс істеп тұр.

"2023 жылы ішкі нарықтың сұранысы 507 мың тонна болды, оның 44%-ы қамтамасыз етілді, оның ішінде 13%-ы отандық шикізат есебінен", – деді ҚР АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова.

2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 18 мың тоннаға жуық қант қызылшасынан жасалған қант өндірілді бұл өткен жылмен салыстырғанда 58%-ға жоғары. Жалпы биыл 120 мың тоннаға жуық қант өндіру жоспарланып отыр.

"Биыл егіс алқаптары 25 мың гектарға дейін кеңейтілді, орташа өнімділік 436 тоннаға дейін жеткізілді, енді 1,2 млн тоннаға жуық қант қызылшасын жинау жоспарланып отыр", – деді спикер.

Елімізде үш зауыт қант қызылшасын өңдеумен айналысады – Мерке, Ақсу және Көксу зауыттары. Осы кәсіпорындар қант қызылшасын қабылдап жатыр.

"Бүгінде 635 мың тонна қант қызылшасы қабылданды. Жалпы биылғы жылы 120 мың тоннаға жуық қант өндіру жоспарланып отыр. Осы мақсатқа 25,8 млрд теңге бөлінді. Бұл зауыттардың айналым қаражатын толықтырып, шаруалардан қант қызылшасын сатып алуға жұмсалады. Одан бөлек, субсидияға 26,6 млрд теңге бөлінбек",  – деді АШМ өкілі.

Оның сөзінше, қантқа жоғары импорттық тәуелділік мәселесін шешу үшін министрлік көптеген жұмыстар атқарып жатыр. Оның ішінде, қант қызылшасын өсіруге арналған ауылшаруашылық техникасын сатып алуға субсидия мөлшері 25%-дан 50%-ға дейін, қант қызылшасын өңдеуге берілген субсидиялау нормативі 15 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін көтерілді.

"Отандық өндірістің импортқа тәуелділігін ескере отырып, 300 мың тонна көлемінде бажсыз қант құрағын ішкі нарыққа әкелу бойынша Еуразиялық одақ шеңберінде келісіміміз бар", – деді Назгүл Хатепова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу