"Биыл да қуаңшылық қайталанады"

1097

Вице-министр шаруаларға ескерту айтты.

"Биыл да қуаңшылық қайталанады"

"Жауын-шашын көбеймесе, былтырғы қуаңшылық биыл да болады. Қазіргі жағдайда болжам сол", - деді Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингі барысында.

Бұл сөзді "Қазгидромет" бас директорының орынбасары Серік Сайыров та қуаттайды.
Әсіресе, сырттан ағып келетін суға тәуелді Түркістан мен Қызылорда облыстарында жағдай қиын болады. Ондағы диқандарға күріш пен мақта көлемін азайту ұсынылады.

"Мүлде шектеу қоймаймыз. Бірақ қазір көп мөлшерде егін егіп қойсаңыздар, жазда соған жететін су жеткізіп бере алмаймыз. Бұл қырғыз бермей жатыр деген сөз емес, Алла тағаланың ісі. Мұздықтар азайып, жаһандық жылыну болып жатыр. Өзендердің булану деңгейі жоғары", - дегенді ескертті Қожаниязов.

Жалпы вице-министр Қазақстанда су дұрыс пайдаланылмай жатқанын мойындайды. 

"Суды ұтымсыз және тиімсіз пайдалану, суды бөлу және есепке алу процестерін автоматтандыру және цифрландыруды жүзеге асырып жатырмыз. Сондай-ақ қайтарымсыз су пайдалану көлемін азайту керек. Яғни, кәсіпорындар суды пайдаланғаннан кейін тазартып, қайтарып беретіндей жағдай жасау керек", - деп, вице-министр көптеген жоспарын таныстырды.

Ол, бұрын да айтқанындай, Қырғызстан бізге мол су жөнелтуі үшін келіссөз жүргізілгенін қайталады. Есесіне оларға Қазақстан электр энергиясын береді.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу